Есеп-қисаппен айналысатын мекемеге бұл түк те емес екен. Статистика қызметі тоқсан сайын осының есебін жүргізіп отырады.
Дегенмен 19 миллионнан астам тұрғынның күнделікті не ішіп, не жегенін аңдып, қарыштаған ақшасын есептеп шығару деген де сұрапыл жұмыс шығар.
Әр адамның ай сайын қанша ақшаға тамақ ішкенінің орташа сомасы шығарылады. Бұл үшін бүкіл сауда жүйесінің, базарлардың, өңірлердегі мыңдаған дүкендер мен сауда орталықтарының, асханалар мен мейрамханалардың, тойханалардың тоқсанда сатқан тағамдары мен көкөнісін, ет-сүті, импортпен келіп сатылған азықтарының бәрінің нақты есебі алынса керек. Осыншама саудадан түскен қаржыны жан басына шашып кеп жібергенде әр адамның орташа шығыны көріне кетеді. Әрине, бұл орташа статистикалық соманың көрсеткіші. Ал шын мәнінде қалталылар тамағы үшін миллион теңге жұмсаған жерде кембағал адам қырық-елу мың теңге ғана қарыштауы мүмкін. Сол себепті орташа статистикалық көрсеткіш деген шартты нәрсе.
Сонымен, орта есеппен әр тұрғын тамағына айына неше теңге жұмсайды? Негізі, тұрғындардың табысының үштен екі бөлігінен астамы тамағына жұмсалады. Яғни негізгі шығын ішіп-жемге кетіп отырады.
2021 жылдың екінші тоқсанындағы үш айда әрбір тұрғынның тамаққа орташа шығыны 197 565 теңге болып шыққан. Ал осыны айға бөлсек әр адамға айына 65 855 теңгеден келеді. Мұнда әр адам дегеннің аумағына ересек адамдар да, жас балалар да, кәрілер де кіреді.
Өңірлер бойынша салыстырсақ, ең тамақсау қала – Алматы екен. Ондағылар айына 91 845 теңгеден жұмсаған. Тамақсаулықтан екінші орында –Қарағанды. Мұндағылар айына 82 398 теңге жұмсаған. Павлодарлықтар айына 79 087 теңгенің тамағын жеген. Тамаққа ақшаны ең аз жұмсағандар –Түркістан облысының тұрғындары. Бұл өңірдің әр тұрғынына шаққанда айына 44 573 теңгеден түскен. Шымкент қаласының тұрғындары тамағына кететін ақшаны айына 47 039 теңгеден асырмаған. Жамбыл облысының тұрғындары айына 50 934 теңгенің тамағын қанағат тұтқан.
Статистика қызметі әр отбасының тамаққа жұмсаған орташа шығынын да есептепті. Екінші тоқсандағы Қазақстан бойынша отбасылардың тамаққа жұмсаған шығынының орташа сомасы 676 581 теңге. Ал айға шақсақ, әр отбасы айына орта есеппен 225 527 теңге жұмсап отырған. Әрине, бұл орташа сома болғандықтан, бір отбасы айына екі-үш миллион теңгеге, ал бір отбасы жүз мың теңгеге жуық ақшаға тамақ ішуі мүмкін. Мұнда да Алматы алда келеді. Алматылық отбасылар орта есеппен айына 272 956 теңгенің тамағын сатып алады. Қызылорда мен Қарағанды облыстары да қалыспайды. Ол өңірлердегі отбасылар сәйкесінше ай сайын 264 997 теңгеге және 259509 теңгеге тамақ ішеді. Ақшаны үнемдеп, тамаққа ең аз жұмсайтындар – Шымкент қаласының отбасылары. Мұндағы ай сайынғы меже – 169 426 теңге. Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының отбасылары да мәз емес. Ондағылар сәйкесінше шығынды айына 176 070 теңгеден және 193 356 теңгеден асырмайды.
Бүгінде тамақты көшеден жей салу әдеті жаппай белең алған. Адамдардың көшеден тамақ сатып алып жеуінің де есебі жүргізіліпті. Республика бойынша екінші тоқсанда орта есеппен әр адам 105 595 теңгенің тамағын сатып алып ішкен. Мұны айға бөлсек, айына 35 198 теңгеден келеді екен. Алматылықтар айына 46 144, Павлодарлықтар – 43 130, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары – 41 659 теңгеге дайын тамақ сатып алған. Тамақты ең аз сатып алатындар тағы да Шымкенттің тұрғындары. Олар айына орта есеппен 22 657 теңгенің тамағын көшеден жейді. Түркістан мен Қызылорда облыстарының тұрғындары айына сәйкесінше 27 625 және 28 427 теңгенің тамағын сатып алады.
Статистиканың мәліметіне қарағанда, адамдардың тамаққа шығынының көлемі жылдан-жылға там-тұмдап болса да ілгерілеп келеді. Жалақы мен зейнетақыға да жыл сайын там-тұмдап теңге қосылады.
Нағашыбек Алдан