Аралда бизнес бастау оңай ма?

1675

"Ауылда жасөспірімдерге бос уақытын өткізу үшін бір мезгіл барып отыратын саябақ та, бүлдіршіндерге арналған балалар алаңқайы да жоқ". 

Аралда бизнес бастау оңай ма?

35 жастағы Әсел Бурмаханова өзі тұрып жатқан Қызылорда облысы Арал ауданының маңындағы 5 мыңнан астам ғана халқы бар Жақсықылыш ауылында жылдам тамақтануға болатын фастфуд кафесін ашып, шағын бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Бұл елдімекенде тұрып жатқанына 16 жыл екен. Екі жыл бұрын "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының "Бастау бизнес" жобасының бір айлық оқу курсын тәмамдап, жеке ісін бастап кеткен.

Кафеге кірген бойда іші санитарлық жағынан өте таза екені байқалады, дизайны да көзге тартымды. Дизайнды Әсел Бүркітбайқызы өз талғамымен жасатыпты. Алайда бұл кафені жеке орналасқан жерден емес, өзінің тұрып жатқан үйінің бір бөлмесінен ашуға мәжбүр болған. Себебі ауылда бос ғимарат жоқ. Ауыл әкімінің нұсқауымен жергілікті жерден аумағы екі бөлмедей болатын бір ғимарат табылған екен, оның өзінде, иесі жалға беру құнын 100 мың теңгеге бағалапты. Өзім 300 мың теңге ғана грант алып тұрып, оны жалдауға қалтам көтермейтін болды деп отыр кәсіпкер. Бөлмені кафеге айналдыру үшін оның жөндеу жұмыстарына 300 мың теңге қаражат салған.

‒ Бизнесімді 300 мың теңге көлемінде алған грантпен бастадым. Сол қаражатқа самса пісіретін пеш сатып алдым. Балмұздақ жасайтын аппарат сатып алуға 500 мың теңге жұмсадым. Ол үшін 2 млн теңге несие алдым. Кәсібімді ары қарай да дамытқым келеді. Бірақ жобаға бір рет қатысқаннан кейін грант келесіде берілмейді екен. Ал несие алу үшін кепілге қоятын мүлкің болуға тиіс. Мысалы, 10 миллион теңгеге несие рәсімдегім келсе, оған құны 20 миллион теңгелік кепілзат болуы тиіс. Ондай мүмкіндігім жоқ. Осындағы "Аралтұз" комбинатына Арал қаласынан қатынап жұмыс істейтіндер көп. Ал оларға тамақтанатын мұнда асхана жоқ. Қайта қазір түскі ас кезінде кейде осы жерге келіп тұрады, ‒ дейді Әсел.

Өйткені дәл осы ауылда тұз өндірумен айналысатын "Аралтұз" кәсіпорны бар. Айта кету керек, Жақсықылыш ауылы көпке осы тұз кен орнымен белгілі. Кәсіпорын "ЖАС ICE" кафесіне шамамен жарты шақырымдық жерде орналасқан. Алғаш 1925 жылы тұз қазатын "Соль" артелі ретінде құрылып, 1927 жылы "Сольтрест" мемлекеттік кәсіпорнына айналғанына байланысты жергілікті тұрғындар кейде ауылдың атауын өз араларында Сольтрест деп те атай береді екен. 

Әсел Бурмахановамен сұхбат барысында кафеге бірнеше клиент кіріп-шықты. Соның бірі "Аралтұз" кен орнында жұмыс істейтін жергілікті тұрғын Жанна Жанұзақова. Ол да түскі ас кезінде осы жерден өзімен бірге әкетуге донер, самса және басқа да керек тағамдарын сатып алып алуға келетінін айтады әрі біздің көзімізше кешкі уақытқа да тапсырыс беріп кетті.

‒ Қазір пицца, кәуап, донер, фри картобы, торт, балмұздақ және басқа да тағамдар бар. Самсаның бағасы – 80 теңге, үлкені – 150 теңге, кәуап – 350 теңге. Бағаны халықтың жағдайына қарай қоямын, себебі қымбаттатқанмен оны бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Оның үстіне, орташа жалақы мөлшері де шамамен 80 мың теңгенің айналасында. Ауыл болса да, қарызға бермеймін. Оған қазір адамдар үйренді. Өйткені қарызға беру бизнесті тұралатып тастайды. 700 теңгеден күніне 50 донер сатамын. Мейрамдарда 100 талға дейін донер өтеді. Тауарды тапсырыспен Ақтөбеден алдыртамын. Себебі Қызылордадан гөрі жақынырақ. Қазір азық-түлік қымбаттап, 600 теңге тұратын донердің бағасын жүз теңгеге өсіруге мәжбүр болдым. Тауықтың етін кәсіпті бастағанда 7 жарым мың теңгеге сатып алып жүрген едім, қазір бағасы 15 мың теңге болып кетті. Мысалы, донер жасауға күніне екі жәшік тауықтың еті мен бір қап картоп пайдаланамын. Фри картобын пісіруге және басқасына күніне 5 литр күнбағыс майын жұмсаймыз. Жалпы еңбектене берсем, әрекетке – берекет болатын шығар деп үміттенемін, ‒ дейді Әсел Бүркітбайқызы.  

Ол бес баланың анасы. Тағдырдың жазғаны сол болды ма, балалардың әкесі әрі жұбайы екеуі екі бөлек жолды таңдауға мәжбүр болыпты. Сонда да ештеңеге мойымай, балаларды бір өзі бағып-қағып отыр. "Осы кәсіптен түскен кіріспен бес баламды бағып, киіндіріп, жағдайын жасап отырмын. Осыған да шүкір деймін. Басқа кіріс жоқ. Бір балам Қызылордада дарын мектебінде оқиды. Балалардың үлкені 15, кішкентайы 5 жаста. Үш ұл мен екі қызым бар. Пицца жасауға және ас бөлмедегі шаруаларға қыздарым көмектеседі. Одан бөлек абысыным мен көмекшілерім де бар" дейді.

Сонымен қатар Әсел өзін-өзі дамытып отыруды да ұмытпайды, қоғамдық іс-шараларға белсенді араласады. Қызылорда облысы әкімінен, аудан әкімінен алған грамоталары мен алғыс хаттары бар. Одан бөлек, Арал ауданынан сайланған "Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының" мүшесі. Арал ауданы бойынша Аналар кеңесінің мүшесі. Донер жасаудың қыр-сырын да бизнес бастамай тұрып өз еркімен үйреніп алған. "Сол үшін Ақтөбеге арнайы барып, "Zheka's Doner-тың" бағасы 100 мың теңге тұратын шеберлік сыныбына қатыстым. Соның арқасында бизнесімді өз қолыммен донер дайындап сатудан бастадым" дейді.

Кофе ішуге келген Балқия апа да жылы лебізімен бөлісті: "Ауылдан осы шағын кафе ашылып жақсы болды. Кейде немерелеріміз туған күндерін осы жерде атап өтеді. Оларға қызық. Өзіміз де осы жердің асына келіп тұрамыз. Көрші орналасқанбыз. Әйтпесе, жастарға обал. Қыдыратын жер, көңіл сергітетін орын жоқ" дейді.

Оның сөзін Әсел Бүркітбайқызы да қолдады әрі шағын жерге кейде клиент сыймай қалатындықтан кафені кеңірек ғимараттан ашқысы келетінін де айтты: "Ауылда жасөспірімдерге бос уақытын өткізу үшін бір мезгіл барып отыратын саябақ та, бүлдіршіндерге арналған балалар алаңқайы да жоқ. Мәдениет үйі болғанымен, қолданылмайды. Мысалы, жастар кейде бір-бірімен төбелесіп қалып жатады. Әлбетте, ондай жағдайлар орын алады. Себебі оларға баратын ешқандай клуб, демалыс уақытын өткізетін ойын-сауық орындары жоқ. Тіпті, асхана жоқ. Сондықтан да кәсібімді кеңейтсем деймін. Дәл осы үйімнің жанында бос жатқан жерім бар. Сол жерді игергім келеді. Сөйтіп орынды кеңейтсем, аспаз, даяршы қызметтеріне жұмыс орындары да болар еді. Жалпы бөлек ғимарат салдырту ойымда бар. Ол үшін үкіметтен кепілсіз немесе аз пайызбен несие берілсе екен деген тілек бар" дейді шағын бизнес иесі. 

Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асырылатын "Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық" жобасы аясында жасалды.

Данияр Сәдуақасов

Нұрсұлу Мырзахмет

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу