Армениялық көліктер уақытша тіркелетін болды

1522

Көлік иелері салықты екі елге төлеуге тиіс.

Армениялық көліктер уақытша тіркелетін болды

ҚР ІІМ Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу ережелеріне енгізілетін түзетулер әзірледі. 

Құжат мәтініне сәйкес, Қазақстан Республикасына уақытша кіргізілген, сонымен қатар 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армения Республикасының өкілетті органдарында Қазақстан азаматтарының атына тіркелген, басқару органдары сол жағында орналасқан көлік құралдарын тіркеу бастапқы тіркеу болып саналмайды. Тиісінше, бастапқы тіркеу үшін талап етілетін алым сомасын (әдеттегі тіркеуден он есе көп) төлеудің қажеті жоқ. 

Техникалық құжатта көліктің Қазақстанға Армениядан келгенін білдіретін АР белгісінен бөлек "басқа тұлғаға тіркеуге болмайды" деген жазба пайда болады, яғни ел азаматының атына уақытша тіркелген машинаны өзге азаматтың атына қайта рәсімдеуге рұқсат берілмейді. 

Біздің елге 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген сол рөлді армениялық көлікті тіркеу үшін қажет құжаттар: 

1) жеке куәлік; 
2) мемлекеттік тіркеу үшін төлем (0.25 АЕК – 694.5 теңге) жасалғанын растайтын құжаттар; 
3) Армения Республикасының өкілетті органы берген көлік құралын тіркеу куәлігі (техникалық төлқұжат) мен мемлекеттік нөмірлер; 
4) Кемі 17 таңбадан тұратын сәйкестендіру нөмірі (егер автокөлік рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылса) болған жағдайда, көлік құралының конструкциясына енгізілген өзгерістердің 018/2011 КО ТР 17-қосымшасындағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлік. 

Армениялық құжаттардың түпнұсқасы мен мемлекеттік нөмірлерді көлік иелері мамандандырылған ХҚКО-ға өткізеді, олар көлік тіркелген орталықта көлікті бастапқы тіркеу не ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылданғанша сақталады. Армениялық машиналарды Қазақстанда тұрақты есепке қою тек армениялық есептен шығарып, утилизациялық алым мен кедендік айырмашылық (егер автокөлік Арменияға жеңілдік кезеңінде, яғни 2014 жылдан кейін кіргізілсе) төленгенін растайтын құжаттар тапсырылғанда ғана мүмкін болады. 

Армениялық төлқұжат пен нөмірлерді көлік Қазақстанда уақытша есептен алынып, елден шығарылғанда ғана алуға рұқсат беріледі. 

Уақытша тіркелген армениялық машиналарға В литерасы бар, 18-аймаққа тиесілі сары нөмірлер беріледі. Тиісті өзгерістер ҚР ІІМ-нің "Мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерінің пішіндері мен үлгілерін бекіту туралы" № 1040 бұйрыққа енгізіледі. 

Естеріңізге сала кетейік, ҚР үкіметінің "Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы" қаулысы әзірленуде. Бұл құжатқа жақында қол қойылып, жариялануы мүмкін. 

Осы орайда біздің елде уақытша тіркелген көліктердің Арменияда есепте тұратынын ұмытпаған жөн. Көлік иелері сол елде салық төлеп, туындаған мүліктік мәселелерді шешу үшін және сату үшін де сол елге аттануға тиіс. 

Олжас Оқас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу