ҚР ІІМ-нің № 427 бұйрығымен Қазақстанға 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан жеткізіліп ел азаматтарына тіркелген сол рөлді автокөліктерге есепке қойылатын аймақтың нөмірі мен төрт саны бар "А" мемлекеттік нөмірі беріледі.
Армениялық көлік иелеріне үш төлем жасау керек:
- тіркеу алымы – 695 теңге,
- техникалық төлқұжат үшін баж салығы – 3 473 теңге,
- мемлекеттік нөмір үшін баж салығы – 7 778 теңге.
Яғни, барлығына 11 946 теңге жұмсалады.
Бұл жағдайда утилизациялық алым мен кедендік айырманы төлеудің қажеті жоқ! Бірақ көлік иесі машинаны тұрақты тіркеуге қоюды ұйғарса, төлем жасауға тиіс.
Рәсімдеу үшін мына құжаттар керек:
1. Жеке куәлік.
2. Мемлекеттік тіркеу үшін 0.25 АЕК көлемінде төлем жасалғанын және мемлекеттік баж салықтары төленгенін растайтын түбіртектер.
3. Армениялық көлік құралын тіркеу куәлігі (техникалық төлқұжат) мен мемлекеттік нөмірлер.
4. Кемі 17 таңбадан тұратын сәйкестендіру нөмірі (егер автокөлік рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылса) болған жағдайда, көлік құралының конструкциясына енгізілген өзгерістердің 018/2011 КО ТР 17 қосымшасындағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлік.
Армениялық нөмірлер мен КҚТК мамандандырылған ХҚКО-ға өткізіліп, көлік иесі сары нөмір мен "Айрықша белгілер" бөліміне "басқа тұлғаға тіркеуге болмайды" деп жазылған техникалық төлқұжат алады.
Көлікті тұрақты есепке қою не ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылданғанша шетелдік нөмірлер мен құжаттар сақталады.
Көлік салығы иесінің тіркелген орны бойынша төленеді (автокөліктің Арменияда есепте тұратынын және сол елде де салық төлеуге тура келетінін ұмытпаған жөн). Қазақстанда мұндай машиналарға азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру рәсімделіп, көлік техникалық тексерістен өтуге тиіс.
Олжас Оқас