Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын қабылдады.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев "Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасын таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазақстан және Өзбекстан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт еліміздің Конституциясы бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Конституцияда халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, ел азаматын шет мемлекетке беруге болмайды деп көрсетілген. Сонымен қатар елімізден тыс жерлерде жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік беріледі делінген. Екі ел арасындағы келісімшарт Конституцияның аталған нормаларын жүзеге асыруға арналған. Осы мәндес норма Өзбекстан Республикасының Конституциясында да бар", - деп атап өтті Әсет Шындалиев.
Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөздер жүргізілген. Бұдан бөлек шартты жасамас бұрын екі ел арасындағы миграциялық процесс пен қылмыстық ахуал зерделенген көрінеді.
"Көп жағдайда басқа елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болған соң, адамдармен қарым-қатынас қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайтыны белгілі. Отбасынан қол үзбей, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзеудің мақсаты – оны жазалау ғана емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау", - деді ол.
Спикер осы шарттың негізгі ережелерін түсіндіріп өтті.
"Сотталған адамды беру үшін ең алдымен келісімі қажет. Ол адам жазасын өз елінде өтеу туралы ниет білдіріп, өтініш беру тиіс. Яғни сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Қазірдің өзінде бізде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы ниет білдіріп отыр. Өзбекстанда сотталған біздің 20 азамат бар. Олар да елге оралуға қарсы болмайды деп ойлаймыз. (...) Сотталған адамдар мына жағдайларда берілмейді: ел егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса, ұлттық заңнамаға қайшы келсе, қаржылай қарыздар сақталса, әлі сот процесі немесе тергеу жүргізіліп жатса", - деді Бас прокурордың орынбасары.
Қазақстан 21 елмен осыған ұқсас шарт жасасқан.