Осылайша, бетперде таққан қайырымды жан тағы бір отбасыға көмек көрсетіп көзге түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тағдырдың сан түрлі қиындығымен алысып келе жатқан жасөспірім жігіт Сержанның әкесі соқыр, анасының талмасы бар, эпилепсиямен ауырады, әпкесінің көзі де дұрыс көрмейді, ақыл-есінде кемшілік бар екен. Әлеуметтік желі қолданушылары "осы отбасыға бар ауыртпашылықты үйіп-төгіп берген сияқты" деген сыңайдағы пікірді көп жазып жатыр. Сонымен қатар, отбасының баспаналы болғанына қуанышын білдіріп, қайырымды жанға алғысын жаудыруда.
Маскадағы жігіт 14 жастағы Сержанның мектептен бос уақытта жұмыс істейтінін айтады. Жасөспірім өзіне "Алладан не сұрайсың?" деген сұрақ қойылғанда, "Аш қалмасақ екен. Ең бастысы ата-анам аман болсын" деп жауап қатқан.
Бетперделі қайырымды жан Сержанға "енді сен баспаналы болдың" деген сәтте қатты толқып, еріксіз жылағаны бейнежазбада анық көрсетілген.
– Әкемнің көзі көрмейді, анам талып қала береді, әпкемнің ақыл-есі толық дамымаған. Мектептен бос уақытта жүк тасып, жұмыс істеймін. Нан таба алмай қалған сәт – өмірімдегі ең қиын кез, – дейді тағдырлы Сержан.
Оның өмірге деген құлшынысы қайырымды азаматтың жүрегіне жол салып, жаңа баспана сыйлаумен қатар, барлық қарызын жауып беруге ұласты.
Бұған дейін бетперделі жігіттің 3 баласын жалғыз асырап жүрген анаға үй сыйлап, дүкен ашып бергенін жазған едік.