Көлікте оның балалары да болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде қайырымды ісімен белгілі "маскадағы жігіт" перзенттерімен бірге такси жүргізіп, нәпақасын тауып жүрген анаға үй сыйлады.
Жалғызбасты ана Айжарқын жол апатынан қызы қатты жарақат алып, ауруханаға түскенін айтады.
– Жалға алған көлікпен такси болып, ақша тауып жүрген жерімнен жол апатына түстім. Соққы болған сәтте терезеден ұшып кеттім. Арамызда үлкен қызым қатты зардап шекті. Қолы, аяғы сынып, басы жарылды, – дейді ол.
Бала-шағасымен бірге таксиде жүруінің де себебі бар екен.
– 2024 жылдың сәуір айында көршім мас күйде үлкен қызымды зорлай жаздады. Содан кейін қыздарымды біреуге қалдырудан қорқамын. Арманым – өзімнің азық-түлік сататын дүкенімді ашу. Төрт күн болды намаз оқығаныма. Әсіресе, кеше кешке түсініксіз бір сезімде болдым, – деп ағынан жарылды жалғызбасты ана.
Бетперде киген беймәлім жігіт бұл отбасыға қуаныш сыйлады. Ол жас ананың және балаларының емделуіне, керек десе, дүкен ашуға қажет қаражат ұсынған. Ең бастысы, тағдыр тауқыметіне түскен отбасыға баспана тарту етті.