Асхат Аймағамбетов сүйінші жаңалық айтты

6907

Қазақ тілі үшін жаңа цифрлық платформа жасалады. 

Асхат Аймағамбетов сүйінші жаңалық айтты Фото: instagram.com/aimagambetov

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Президент қол қойған жаңа заңның маңызына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Президент қол қойған жаңа заңда қандай өзгерістер бар? Біздің авторлығымызбен дайындалған заң дарынды жастарды қолдап, мемлекеттік тілді дамытуға мүмкіндік жасап, жасанды интеллектпен үйлестіріп, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Ең беделді халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен университетке түсе алады. Бұл олардың елде білім алып, Қазақстанның дамуына үлес қосуына жол ашады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек олимпиада жеңімпаздарына ғана берілетін", - деп жазды депутат Телеграм арнасындағы парақшасында.

Оның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасы кеңейтіліп, енді бакалавриат деңгейінде де беріледі.

Бұрын "Болашақ" стипендиясы тек магистратура мен докторантураға арналған болса, енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары бакалавриат деңгейінде де оқу мүмкіндігіне ие болады, деп жазады мәжілісмен.

"Қазақ тілі үшін жаңа цифрлық платформа жасалады. Қазақ тілінің цифрлық ұлттық сөздік қоры және ұлттық тіл корпусы заңмен реттелді. Бұл жасанды интеллекттердің (ChatGPT, Алиса және т.б.) қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бұл маңызды мәселені өз бақылауында ұстауда. 

Қазақ тілінің барлық нормалары мен ережелері онлайн ашық жүйеде қолжетімді болады. Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақ тілін жасанды интеллектпен үйлестіру және цифрлық әлемде оның сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау", - дейді ол.

Цифрлық сөздік қордың маңызы:

-    Жасанды интеллект үшін база:
Бұл сөздік қор жасанды интеллектке қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді, сөздерді контекстке сай қолдануды үйретеді.
-    Күнделікті қолданыс:
Ашық ақпараттық жүйе арқылы кез келген азамат сөздердің дұрыс емлесін, нақты мағынасын оңай таба алады.
-    Білім беру:
Оқушылар, студенттер мен мұғалімдерге сапалы сөздіктер мен анықтамалықтарға қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Бұл оқу мен оқыту үдерісін жеңілдетеді.

"Цифрлық сөздік қор – бұл жай ғана сөздердің тізімі емес. Бұл – тілді түсінетін, оны дұрыс қолдана алатын интеллектуалды платформа", - деді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу