Асхат Аймағамбетов: ҰБТ-ның сұрақтары SAT, PISA үлгісі бойынша жаңартылады

1504

Цифрлық технологиялар тұрғанда ҰБТ комиссияларына жыл сайын 1,5 млрд теңге шығындау тиімсіз.

Асхат Аймағамбетов: ҰБТ-ның сұрақтары SAT, PISA үлгісі бойынша жаңартылады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы ҰБТсынақтарының әділдігіне өз бағасын берді. Ведомство басшысы өзінің Facebook-тегі парақшасында осы мәндегі пост жариялаған болатын. 

"Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу ерекше болды. Бастысы, ашықтық пен әділдікті барынша қамтамасыз етуге тырыстық... Өткен жылы академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ережелерді қатаңдату туралы шешім қабылдадық. Осылайша, қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін жою туралы жаңа нормалар пайда болды. Тіпті, бұл заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға жіберілмейтін болды", – деп жазады министр. 

Расымен де, бұрын тексеру кезінде телефон табылса, талапкер сынаққа өтіп, телефонын бақылаушылар алып қалатын. Мұндай заңсыз әрекеттің сынақ нәтижесіне ешқандай салдары болмағандықтан, жыл сайын 100-150 мыңнан астам түлек телефонмен ұсталып жататын. Ал емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалса, комиссия тест нәтижелерін жоққа шығару үшін жасырын алып кірген құралды талапкердің қолданып үлгергенін дәлелдеуі керек еді. Асхат Ааймағамбетовтің айтуынша, ереже талаптары қатаңдатылған бір жылдың ішінде тыйым салынған заттарды емтиханға кіргізуге әрекет ететіндер саны 70 есеге азайған көрінеді. 2019 жылы 128 мыңнан астам телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500-ге жуық болған.

"Алайда емихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді: 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ғана ҰБТ нәтижелері жойылса, ал 2020  жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қолданылды. Иә, ҰБТ-ның орташа ұпайы төмендеді, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны едәуір азайды. Бұл – тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам", – дейді министр.

Биыл ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан астам комиссия мүшесі мен басшылары жазаланыпты. Мұны медальдің екінші жағына да сәуле түсті деп бағалауға болатын шығар. Министрдің постына сенсек, биыл күн сайын ҰБТ пунктеріндегі комиссиялардың құрамына өзгертулер енгізіп, міндетіне немқұрайлы қараған әріптестерін ауыстыруға немесе жұмыстан мүлде шеттетуге тура келген екен. Кейбір пунктерде заңсыздықтар жаппай әрі өрескел етек алып, тестілеу уақытша тоқтатылған да көрінеді. Заманмен бірге талаптың да өзгергенін мойындағысы келмейтін ұжымдардың әрекеті Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында әшкере болыпты. 

"Мұндай шешімдерді қабылдау оңай емес. Талапкерлердің әлі бала екенін түсінеміз, десе де талапкерлерді ережені сақтауға, өз күшіне ғана сенуге үйрету - маңызды. Биылғы нәтижелер зор сенім ұялатады, келесі жылы бұл жағдай мүлдем басқаша болатынына сенімдімін. Әріптестерімізбен тестілеуді өткізу рәсімін жетілдіру керек деген қорытындыға келдік. Цифрландыру дәуірінде комиссия құрамында бірнеше мың адамның болуын қамтамасыз ету үшін 1,5 миллиард теңге жұмсауға жол берілмеуі керек, оның үстіне бұның нәтижесі – тиімсіз. Сондықтан бұл рәсім заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

ҰБТ сұрақтарының мазмұнына министрдің де көңілі толмайтын болса керек. Соңғы бірнеше жылда тестілеу сұрақтарының базасын жаңартылғанына қарамастан, басым бөлігі әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталған деп есептейді Асхат Аймағаметов. Ендігі жерде тестілеуге сұрақ әзірлеу кезінде сыни ойлау мен функционалдық сауаттылық бірінші орынға қойылмақ. 

"Функционалдық сауаттылыққа мән беру және білімді өмірде қолданатын кез келді. Енді алдымызда тестің базасын SAT, PISA секілді тестердің үлгісі бойынша толық жаңарту мәселесі тұр. Бұл мүлдем басқа сипаттағы тапсырмалар, яғни тесте жаттап алуға, көшіруге мүмкіндік бермейтін сұрақтар болуы керек", – дейді ол.

Ведомство басшысы өз жазбасында ҰБТ-ны мектептегі қорытынды емтиханмен біріктірмеудің маңыздылығына да тоқталған.

"ҰБТ-ны мектептегі қорытынды емтиханға және жоғары оқу орнына түсу емтиханына бөлгеннен кейін қажетті құзыреттіліктерді бағалау тәсілдерін өзгерту бойынша да мүмкіндік туды. Себебі ҰБТ мектепте алған білімін бағалау емес, жоғары оқу орнына түсерде өзі таңдаған мамандығы бойынша білім алуға деген дайындығын бағалау. Аталған шараның барлығы алдын ала ғылыми деректердің негізінде сарапшылар мен педагогтердің талқылауы арқылы қабылданатыны сөзсіз. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады", – деп түйді Асхат Аймағамбетов.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу