АШМ ветеринарлық зертхана ғимараттарын Денсаулық сақтау министрлігіне береді

984

Жануарлардың жұқпалы ауруларын диагностикалаудың ПТР әдісі коронавирустық инфекцияны ПТР диагностикалау әдісімен ұқсас. 

АШМ ветеринарлық зертхана ғимараттарын Денсаулық сақтау министрлігіне береді

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық зертхана ғимаратын ауылдық жерлерде COVID-19 вирусына ПТР-зерттеу жүргізу үшін уақытша Денсаулық сақтау министрлігіне қолдануға береді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

"Елімізде ПТР тестілеу мүмкіндігін кеңейту үшін Денсаулық сақтау министрлігіне 1 тамыздан бастап Қазақстанның 11 аймағында орналасқан 24 ветеринарлық зертханалардың мамандандырылған ғимараттары қолданысқа ұсынылады. Пайдалануға берілетін барлық тест орындары зертханалардың екінші қабаттарында орналасады. Микроорганизмдердің патогенділігі II-IV топтарымен жұмыс істеу талаптарына сәйкес келеді: олардың жеке кіреберістері, санитарлық қақпалары және биологиялық қауіпсіздік жәшіктері бар. Бұл ветеринарлық зертханалардың бірінші қабаттарында негізгі бағыттар бойынша өз жұмыстары жалғаса береді",– деп жазылған таралған хабарламада.

Айта кетсек, шалғайдағы ауылдық жерлерде диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін жылжымалы ветеринарлық зертхана қолданылады.

"Ғимарат және жылжымалы зертханамен бірге ПТР жабдықтарының 26 жиынтығы беріледі деп жоспарлануда",– дейді министрліктен.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі Республикалық ветеринарлық зертханадан және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығынан адамдар мен жануарларға қауіпті инфекциялар диагнозын анықтау тәжірибесі бар 67 білікті маманды іссапарға жібермек.

Бір айта кетерлігі, жануарлардың жұқпалы ауруларын диагностикалаудың ПТР әдісі іс жүзінде коронавирустық инфекцияны ПТР диагностикалау әдісімен ұқсас. Жалғыз айырмашылық қолданылатын тест жүйелерінде. Сондықтан әлемнің көптеген жетекші елдері COVID-19 пандемиясымен күресуде ветеринарлық зертханалардың мүмкіндігін пайдалануда.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 21 шілдесінде өткен ҚР Үкіметінің отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда ПТР тестілеу қуаттылығының жетіспеуі күніне 8 мың сынақтан тұратынын айтқан болатын. Өңірлердегі жағдайды реттеу үшін ведомство басшысы республиканың ветеринарлық қызмет зертханаларының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу