Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ҚР Парламент Сенатында "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы ҚР Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы" ҚР Заңының жобасын таныстырды.
Сенат депутаттары заң жобасын талдап қарай отырып, қазіргі таңдағы Жер заңнамаларына сәйкес, жер учаскелерінің инвестициялық жобаның, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында іске асырылуын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына заттай гранттар ретінде берілуі мүмкін болып отырғанын сөз етті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
"Осыған байланысты мынадай сұрақтар туындайды: мораторий осы тұлғаларға да қатысты бола ма, егер қатысты болса, инвестициялық шарттарға өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?", – деп сауал тастады депутаттардың бірі.
Бұл орайда, Асқар Мырзахметов Жер Кодексінің 24-бабына сәйкес, Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнің осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн екендігін айтты.
"Бірақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді. Тек қана жалға беріледі. Сондықтан, мораторий теріс әсерін тигізбейді", – деп атап өтті вице-премьер.