Әскери билеттің қағаз нұсқасын тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды

811

Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады.

Әскери билеттің қағаз нұсқасын тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық  комиссияның (ВАК) кезекті отырысында қорғаныс және ішкі істер салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін жеңілдету туралы ұсыныстар талқыланды. Бұл Цифрлық Комиссарлардың қатысуымен өткен алғашқы отырыс, деп хабарлайды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырыста әскери билеттердің қағаз нұсқасынан бас тарту, оларды тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды. Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады, ал әскери міндеттілігі туралы хабарлама "электронды үкімет" порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберіледі.

"Бұл  ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда азаматтардан әскери билеттің түпнұсқасы талап етілмейді және бюджеттік шығындарды 100% үнемдеуге мүмкіндік береді. Қажетті деректердің бәрін egov.kz. порталы арқылы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінен алуға болады.  Біз сондай-ақ, азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қоюды ұсынамыз. Тіркеу кезінде ақпарат автоматты түрде біздің дерекқорымызға түседі де, біз бірден әскери есепке аламыз. Ол үшін азаматтарға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жалпы, біз 16 мемлекеттік қызметті бірден автоматтандыруды ұсынамыз", – деп атап өтті Тимур Дәндібаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары.

Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді композиттік тәсілмен, яғни "бір өтініш – мемлекеттік қызметтер кешені" қағидаты бойынша көрсету ұсынылды. Осылайша, азамат өзін әскери есепке қоюды өтінген кезінде оған автоматты түрде "запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билет немесе олардың телнұсқасын (әскери билеттің орнына уақытша куәлік) беру" мемлекеттік қызметін көрсету туралы хабарлама жолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу