Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлап, ізін суытқан әскериге қатысты сот басталды

797

Елді аяқтан тік тұрғызған оқиға бойынша 8 азаматқа айып тағылып отыр.   

Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлап, ізін суытқан әскериге қатысты сот басталды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімде 30-ға жуық автоматты бір түнде қолды етіп, кезекшілікті тастай сала ізін суытқан кіші сержант Абылай Балғынбайға қатысты сот отырысы басталды. Шымкент гарнизонының әскери сотында өткен алғашқы отырыста қылмыстық оқиға бойынша 8 азаматқа айып тағылып отырғаны белгілі болды. Оның тек біреуі ғана әскери қызметкер. Күдіктілердің басты фигуранты болып отырған Абылай Балғынбай пен тағы 5 күдікті сот отырысына келген жоқ. Онлайн қатысты. Олардың алтауы да уақытша тергеу изоляторына қамауға алынған. Ал қалған екі күдікті бостандықта. Бүгін прокурор Сейіткамал Әбдірахманов судьядан бостандықтағы бір күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасының орнына қамауда ұстау туралы талап-тілегін білдірді. Прокурордың талап-тілегі қарау мәселесі ертеңгі сот отырысына қалдырылды. 

Сот отырысында белгілі болғаны, кіші сержант Абылай Балғынбайға ҚР Қылмыстық кодексіні 447-бабының 2-бөлігі, 291-баптың 3-бөлігінің 1,2,3 тарамақтары, 287-баптың 4-бөлігі және 442-баптың 2-бөлігімен айып тағылып отыр. Ал қалған күдіктілерге қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу, заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру баптары жауапқа тартылуда. 

Айта кетейік, Абылай Балғынбай Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімшесінде келісім-шарт бойынша қызмет еткен. Кіші сержант 20 ақпан күні кезекшілігін тастап, қару-жарақпен қашып кеткен болатын. Оқиға болған күннің ертеңіне Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы 20 жастағы Абылай Балғынбайды ұстады. Екі тапаншаны ол 120 мың теңгеге сатып үлгерген. Көп ұзамай ІІМ Тергеу департаментіндегілер кіші сержанттың әскери бөлімді бір ай бойы тонап келгенін мәлімдеді. Белгілі болғаны,  ол алдымен салмағы жеңіл қаруларды ұрлаған. Қаңтардың соңы мен ақпанның ортасына дейін кезекшілікке түскен сәтте біртіндеп қаруды үптеп келген ол ақпанның 19-ынан 20-сына қараған түні 30-ға жуық автоматты қолды еткен. Қоймадағы қаруларды алып шығу үшін оған сыбайластары жәрдемдесіпті. 

Жансая Тәуекелқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу