Әскери бөлімнен ұрланған қару-жараққа қатысты сот үкімі шықты

1104

Түркістан облысы, Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімде биылғы жылдың ақпан айында орын алған қылмыстық іске сот нүкте қойды.   

Әскери бөлімнен ұрланған қару-жараққа қатысты сот үкімі шықты

Қару-жарақ ұрлығы қылмысы бойынша істің басты фигуранты Абылай Балғынбайға 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Шымкент гарнизоны әскери сотының  судьясы Жамиля Төленова сотталушыны кіші сержант шенінен айырды. Ал оның 7 сыбайласы да жазасыз қалмады.

Атап айтқанда,  Шадияр Қамбар мен Бақдәулет Мәлікке  8 жылдан,  Шыңғыс Шатайға - 5 жыл, Бауыржан Дамиров,  Бақдәулет Арын  және Қанағат Орынбекке 3 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы берілді. Ал Санжар Бекжанға 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 1 млн 325 500 теңге айыппұл салынды. 

Айта кетейік, сотталушыларға берілген сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұл іс бойынша басты күдікті Абылай Балғынбай "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Жауынгерлік кезекшілікті атқару қағидаларын бұзу" баптары бойынша айыпталып отыр. Ал оның сыбайластарына "Жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" баптары бойынша айып тағылды. 

Бұған дейін сот отырысында әскери бөлімдегі қару-жарақ ұрлығы бойынша прокурор басты фигурантты 10 жылға соттауды, ал оның сыбайластарына 8 және 5 жылдан жаза беруді сұраған болатын. 

Еске салар болсақ, 19 ақпаннан 20-сына қараған түні Бадам елдімекеніндегі әскери бөлімде кіші сержант кезекшілігін тастап, қару-жарақпен қашып кеткен еді. 20 жастағы басты күдікті Алматы қаласынан ұсталды. Ал оның сыбайласы ретінде 7 азамат күдікке ілінді.

Соттың кезекті отырыстарының бірінде кіші сержант "қылмысқа баруыма командир міндетін уақытша атқарушы итермеледі" деп мәлімдеме жасады.

Айтуынша, басшылық ақпанның 19-ынан 20-сына қараған түні қоймадан 100 автомат алып шығуды бұйырыпты. Тіпті ол бұл қылмысқа дейін екі рет ұрлық жасап, қаруды сатып, ақшасын командирмен бөлістім деп түсінік берді. Әскери бөлімде командир міндетін уақытша атқарып келген  Ержан Даутов 5 бірдей бап бойынша сот алдында жауап беруде.  Оған қызметін асыра пайдаланды, қызметіне немқұрайлы қарау, пара алу сынды айыптар тағылып отыр. 


 
Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу