Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
22 сәуірде Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты акционерлік қоғам болып табылатын "Астана банкінің" бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы және негізгі акционері Олжас Тоқтаровты банкке агенттік қызмет көрсеткен болып көрініп, қаржы жымқыру және банкрот болуға жақын кезеңде Алматы қаласындағы бизнес-орталықты өз бақылауындағы компанияға заңсыз аудару деректері бойынша кінәлі деп тапты.
– Олжас Тоқтаров сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның жалпы құны 14 миллиард теңгеден асатын жылжымайтын мүліктері, әкімшілік және өндірістік нысандары, құрылыстары, жер телімдері, бағалы қағаздары мен криптовалюталары тәркіленетін болды, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Сонымен бірге, бұл іске қатысы бар банк филиалының, бөлімдерінің және менеджмент құрамындағы бұрынғы қызметкерлері де кінәлі деп танылды. Алайда олардың барлығы тергеу және сот процесіне белсенді түрде көмектескендіктен, оларға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды.
2024 жылы Олжас Тоқтаровқа қатысты тергеу жұмыстары басталды. Сол жылдың қыркүйегінде Антикор оған тергеуге келу жөнінде жария шақырту жіберген. Алайда Олжас Тоқтаров Қазақстан аумағынан шығып кеткендіктен, талапты орындаған жоқ.
Қазіргі уақытта ол Интерпол арқылы халықаралық іздеуде жүр және экстрадициялануы тиіс тұлғалардың тізіміне енгізілген.