Астана бойынша Өңірлік кадрлық резервінің іріктеуіне 297 адам қатысты

231

 Өңірлік кадрлық резервіне іріктеу аяқталды. 

Астана бойынша Өңірлік кадрлық резервінің іріктеуіне 297 адам қатысты Фото: Астана қаласының әкімдігі

Ең жоғары балл жинаған 30 кандидатты Астана қаласының Өңірлік кадрлық резервіне қабылдады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Мусин елордадағы коммуникациялық қызметінің алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өңірлік кадрлық резервтің міндеті – талантты жастарды тарту және амбициялы әрі креативті көшбасшылар мен жас басқарушылар пулын қалыптастыру.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.

Іріктеу Құжаттарды қабылдау; Заңнаманы білуге арналған тестілеу; Жеке қасиеттерін бағалау; Ассессмент орталығында құзыреттерін бағалау; Кадр комиссиясында құрылымдық сұхбат; Комиссия отырысы секілді кезеңдерді қамтыды.

Жалпы Астана қаласы бойынша Өңірлік кадрлық резервіне іріктеуге 297 адам қатысты. Кандидаттар Кадрлық комиссия айқындаған 4 негізгі сала бойынша құжаттарын тапсырды.

Олар: Әлеуметтік сала; Экология; Цифрландыру; және Тұрғын-ұй коммуналдық шаруашылық және инфрокұрылым салалары.

"Іріктеудің Заңнаманы білуге арналған тестілеу кезеңіне 262 кандидат қатысып, оның ең жоғарғы нәтиже көрсеткен 142-сі келесі кезеңге жіберілді. Жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен сәтті өткен 62 кандидат құзыреттен бағалау кезеңіне жіберілген болатын. Атап өту қажет, заңнаманы білуге арналған тестілеу, жеке қасиеттерін бағалау және құзыреттерді бағалау кезеңдері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының базасында өткізілді. Ассессмент орталығында тәуелсіз аксессорлармен құзыреттерді бағалау қорытындысы бойынша комиссияда құрылымдық сұхбат кезеңіне 51 кандидат жіберілді. Құрылымдық сұхбат кезеңінде кандидаттар өздері таңдаған салалық бағыттар бойынша жобаларын ұсынды. Комиссия отырысында комиссия мүшелері бағалау нәтижесімен ең жоғары балл жинаған 30 кандидатты Астана қаласының Өңірлік кадрлық резервіне қабылдады", - деді спикер.

Резервшілер Өңірлік кадрлық резервке Жарлыққа сәйкес, 2 жыл мерзімге қабылданды. Өңірлік резервке қабылданған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз орналаса алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу