Астана кәсіпкерлер қаласына айналып келеді

458

Бас шаһардың жалпы өнімінің үштен екі бөлігі шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді.

Астана кәсіпкерлер қаласына айналып келеді Фото: inbusiness.kz

Елорда бойынша 17 әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің алғашқы құрылтайында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

“Соңғы жылдары қаламыз тек әкімшілік орталық қана емес, кәсіпкерлер қаласына айналды. Бүгінде елорданың жалпы өнімінің үштен екі бөлігі шағын және орта бизнестің үлесінде. Онда Астана қаласының экономикалық белсенді халқының 73 пайызы немесе 500 мың адам жұмыс істейді. Әлеуметтік бағдарланған бизнестің жаңа форматына көшкен дәстүрлі кәсіпкерлер көбейіп отыр. Мұны елордалық әлеуметтік кәсіпкерлердің республикалық тізіліміндегі 26%-ға тең үлесі растайды”, - деді әкімнің орынбасары Астанада өтіп жатқан жиында.

Евгений Глотов бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін баса айтты.

“Мысалы, “Замандас” ұйымы 3 мыңға жуық ерекше балалардың бос уақытын аула клубтарында өткізуін ұйымдастырып, үлкен мәртебеге ие болып отыр. “Green TAL” және “Күнде” компанияларының әлеуметтік осал топтар қатарындағы 40 азаматқа тұрақты жұмыс орнын ашты. Сіздер кәсіпкерлік қызметтің тек табыс әкеліп қана қоймай, әлеуметтік пайда әкелетініне үлгі болып отырсыздар. Біз сіздердің еңбегіңізді жоғары бағалаймыз”, - деп жалғастырды спикер. 

Елорда әкімінің орынбасарының сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлерді ынталандыру және дамыту мақсатында бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары бар. 

“Оның ішінде үлкен сұранысқа ие 5 млн теңгеге дейін тегін гранттар бөлу болып отыр. Бүгінгі таңда қала бойынша 17 әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсетілді және бұл көрсеткішті біз одан әрі өсіреміз. (…) Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі әлеуметтік кәсіпкерліктен де көрініс табуға тиіс екеніне кәміл сенемін. Бүгін бұл мейнстримге айналып отырғанын бәрі көріп отыр. Әр кәсіпкерге жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз”, - деп атап өтті Евгений Глотов. 

Айта кетейік, осыған дейін  Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 200-ден астам кәсіпорын енгізілгенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу