Мәулен Әшімбаев: Әлеуметтік кәсіпкерлер – мемлекеттік органдардың маңызды серіктестері

374

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 200-ден астам кәсіпорын енгізілген.

Мәулен Әшімбаев: Әлеуметтік кәсіпкерлер – мемлекеттік органдардың маңызды серіктестері Фото: Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің алғашқы құрылтайының ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

“Бұл форум Қазақстандағы әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының бастамасымен өткізіліп отыр. Жаңадан құрылып отырған мұндай диалог алаңы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға және елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен үлес қосады деп сенемін. Сондықтан құрылтай жұмысына сәттілік және әлеуметтік жобаны іске асырушыларға жаңа жетістіктер тілеймін”, – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев өткен аптада Бішкекте Парламентаралық Ассамблеяның 56-шы отырысы өткенін еске салды.

“Дәстүрлі достық қатынастарды, өзара тиімді ынтымақтастықты Орталық Азия елдерімен дамыту – Қазақстан үшін негізгі басымдықтың бірі. Соңғы жылдары біздің елдеріміздің өзара іс-қимыл жасауы табысты және серпінді дамып келеді. Көптеген бағыт бойынша өңірдегі мемлекет басшылары тұрақты негізде екіжақты және көпжақты форматтарда кездесіп тұрады, ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі маңызды аспектілер бойынша ұстанымдарын келісіп отырады. Жылдың басында Түркістанда алғашқы Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумын өткіздік. Мұнда мазмұнды диалог және ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды”, - деп жалғастырды спикер. 

Әшімбаевтың айтуынша, форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданып, мұнда парламентаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалған. Олардың негізгісі – әлеуметтік салада ынтымақтастықты арттыру. 

“Бұл форум тұрақты және тиімді алаңға айналады деп ойлаймыз. Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлерін біріктіреді деп сенеміз. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді. Әлеуметтік кәсіпкерлер – мемлекеттік органдардың маңызды серіктестері. Олар экономиканың дамуына және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп, қабылданды. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерліктің құқықтық тетіктері және мемлекеттік қолдау шаралары айқындалды. Биыл әлеуметтік кодексті қабылдаған кезде осы маңызды бағыттың дамуын ескердік”, - деп атап өтті Парламент Сенатының төрағасы.

 

Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 200-ден астам кәсіпорын енгізілді. 

“Әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуеті елімізде одан да зор деп ойлаймын. Бизнестің бұл бағыты кезең-кезеңмен дамиды деп ойлаймыз. Ол үшін әлі де көптеген жұмысты атқару қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлер бұл өз бастамасымен көмекке мұқтаж адамдарға  қолдау көрсетеді”, - деді Сенат спикері.

Еске салайық, осыған дейін Астанада Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы құрылтайы өтетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу