Ел ордасы Астанада Наурыз мерекесіне арналған шаралар басталып та кетті. "Сарыарқа" ауданы әкімдігі "Бауырсақ Time" акциясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық науқаны қазақ халқының мәдениетін, қонақжайлылығын дәріптеп, Астана қаласының әр тұрғынын ұлттық тағамдармен таныстырады.
"Бауырсақ Time" фестивалі бүгін басталып осы аптаның соңына дейін жалғасатын болады. Біздің ауданның аумағында "Астана жастары" жастар ресурстық орталығының еріктілері қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақтарды таратады. Бауырсақ – жылдам әзірленетін, дәмді де, жұғымды да тағам", – дейді "Сарыарқа" ауданының әкімі Арман Тұрлыбек.
Күн сайын төрт мыңнан астам бауырсақ таратылады. Фестиваль аясында жалпылай алғанда 25 мың бауырсақ даярланады деп жоспарлануда.
"Бауырсақ Time" акциясы елорда Арбатында 17 наурызда сағат 12:00-де жабылады. Акцияның жабылу рәсімінен кейін мерекелік концерт ұйымдастырылып, жұртшылық алдында шығармашылық ұжымдар мен әртістер өнер көрсетеді.
"Бұл күні елорда тұрғындары мен қонақтарын ыстық бауырсақтар, тәтті пісірмелер, мерекелік атмосфера күтетін болады! Келіңіздер, Сіздерді көруге қуаныштымыз", – дейді ұйымдастырушылар.