Астанада автобус жүргізушісі адамды есікке қысып, салондағы жолаушыларды түсіріп кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, оқиға елордадағы №43 автобуста болған.
Threads қолданушысының айтуынша, ер адам әйелі мен балалары автобусқа мініп үлгеруі үшін есікті ұстап тұрған.
"Алайда жүргізуші есікті жауып, оны қысқан. Балалар автобусқа мініп те үлгермеді. Жолаушылар жүргізушіге ескерту жасады, бірақ ол балағат сөз айтып, барлығын автобустан түсіріп жіберді", – делінген жазбада.
Астана қаласы Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді. Бейнежазба әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
"Тексеру барысында жолаушының әйелін және балаларын күтіп, олардың автобус салонына кіріп үлгеруі үшін есікті ұстап тұрған кезде жанжал болғаны анықталды. Жүргізуші бұған агрессивті түрде жауап беріп, жолаушыға балағат сөздер айтқан. Жанжал төбелеске ұласуға да шақ қалған. Осыдан кейін жүргізуші барлық жолаушыдан автобустан түсуді талап етіп, оқиға орнынан кетіп қалған", – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, осы дерек бойынша полиция автобустың 51 жастағы жүргізушісін анықтап, ұстады.
"Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары сотқа жолданды. Сонымен қатар жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізілді", – деп хабарлады полиция.