Астана қаласының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қатты боран мен ауа райының күрт нашарлауына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ресми дерекке сәйкес, елордада 180-нен астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстау, күрт маневр жасамау және көлік тізгінінде барынша мұқият болу қатаң ескертілді.
Сонымен қатар, көшелерді тазалау мен қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатқан коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтірмеу маңызды екені айтылды.
Полиция департаменті жаяу жүргіншілерге жолды тек белгіленген орындардан кесіп өтуге, жол жағдайын мұқият бақылауға және сақ болуға кеңес берді.
Қолайсыз ауа райына байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарына мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпау және аса қажет болмаса сыртқа шықпау ұсынылды.
Ведомство барлық жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Синоптиктердің болжамынша, бейсенбі күні Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі, кей уақыттарда қар жауып, боран соғады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетіп, екпіні 23–28 метрге дейін күшейеді.
Түнде кей тұстарда желдің жылдамдығы 30 метрге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде 13–15 градус аяз, күндіз 3–5 градус аяз болады.