Елордада мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға мүмкіндік беретін жаңа буындағы Smart Point цифрлық кеңсесі ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұнда азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өз бетінше рәсімдеуіне ерекше көңіл бөлінген. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мамандары келушілерге цифрлық сервистерді пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті қызметті онлайн алуға бағыт-бағдар береді. Жаңа кеңсенің жұмысымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты.
"Мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект негізінде көрсетудің жаңа моделін дамыту аса маңызды. Smart Point сияқты жобалар халыққа қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтереді. Мұндай тәжірибені еліміз бойынша кеңінен енгізу – негізгі міндеттердің бірі", – деді министр.
Smart Point кеңсесінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге арналған компьютерлерді пайдалана алады. Сондай-ақ диалогтық форматта жұмыс істейтін eGovGPT көпагентті жасанды интеллект платформасы қажетті қызметті анықтап, оны рәсімдеу процесіне көмектеседі. Цифрлық кеңседе құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік пен паспорт алуға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, цифрлық сервистерді қолдануды үйрететін оқу сыныбы және жайлы күту аймағы жұмыс істейді. Smart Point-тің басты артықшылықтарының бірі – дайын құжаттарды беру аймағының тәулік бойы қызмет көрсетуі.
"Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің заманауи үлгілерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Басты мақсатымыз – цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлы әрі қолжетімді құралына айналдыру", – деді Мемлекеттік корпорация басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиев.