Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс күші көп өңірлер мен тапшы аймақтарды атады. Үкіметтің баспасөз орталығында өткен шарада Премьер-министрдің орынбасары жыл бойы 623 мың адам қамтылғанын айтты. Оның ішінде 416 мың адам еңбекке орналасып, 131 мың адам оқытылған. 46 мың грант пен шағын несие беріліп, оңтүстіктен солтүстікке 9 мың адам көшірілген.
"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан, Нұр-Сұлтан секілді еңбекке жарамды адамдары мол аймақтардан Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан тәрізді еңбек күші аз аймақтарға азаматтарды көшіру көзделген. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінен солтүстігі мен шығысына 9 мыңға жуық адам қоныс аударды. Бүгінде Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 200-ге жуық адам көшірілді. Олар жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етілді. Енді аталған тәжірибені Ақмола және Қарағанды облыстарына тарату жоспарда бар", – деді ол.