Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Абай облысындағы орман өрті аумағына келіп, облыс әкімі Берік Уәлимен бірге "Семей орманы" аумағындағы өрттің ең күрделі учаскелерін аралады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеуде. Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру басшысының баяндамасын тыңдап, күштер мен құралдардың орналасуын бағалады.
Сондай-ақ құтқарушылар тобының резервін қалыптастыру және жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін арттыру бойынша қосымша тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге 600-ге жуық адам, 160-тан астам жерүсті техникасы және 7 тікұшақ жұмылдырылды. Өртті оқшаулау жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты.
Таңғы сағат 7-дегі жағдай бойынша, өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылды.