Астанаға газ құбыры Қызылордадан тартылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА хабарлайды.
"Газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ Астана қаласын және газ құбырының бойында орналасқан елдімекендерді газдандыру үшін тиісті жұмыстарды атқаруда. Осы орайда "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральды газ құбырынан Кызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты тұрғысында "Сарыарқа" газ құбырын салу жобасы бойынша Техникалық экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеп жатыр", – деп атап өтілген министрліктің мәліметінде.
Атап айтқанда, негіздемені әзірлеу биылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда және оның нәтижесі бойынша осы ТЭН үшін берілетін "Мемлекеттік сараптама" РМК-ның қорытындысы негізінде жобаны одан әрі іске асыру туралы шешім қабылданатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін Астанаға газ құбырын тартуды тапсырған болатын. Бұл ретте елорданы газбен қамтамасыз ету жөнінде түрлі жобалар қаралып жатқандығы хабарланған еді. Сонымен қатар бұған дейін "Тобыл – Көкшетау – Астана" солтүстік газ құбырын салу шаралары қарастырылған болатын.