Астаналық жас шахматшы Қазақстан чемпионы болды

126

Астанадағы Coventry University Kazakhstan алаңында классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы 2026 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.

Астаналық жас шахматшы Қазақстан чемпионы болды Фото: gov.kz

Ел біріншілігінде 15 жастағы астаналық шахматшы Сауат Нұрғалиев сенсациялық нәтиже көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жас спортшы 13 тур қорытындысы бойынша 5 жеңіс, 8 тең ойын көрсетіп, бірде-бір партияда жеңілмей, 9 ұпай жинады.

Нәтижесінде ол Қазақстан чемпионы атанып, осы жылдың ең үздік шахматшысы атағын иеленді.

Сондай-ақ ерлер арасындағы жарыста тағы бір елордалық шахматшы Жандос Ақманов 8,5 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қола жүлде алматылық Рамазан Жалмахановтың еншісіне бұйырды.

Әйелдер арасындағы дода соңғы секундтарға дейін тартысты өтті. Төрт шахматшының ұпайы тең түсіп, чемпион тағдыры қосымша көрсеткіштер мен тай-брейк арқылы шешілді. Рапид және блиц ойындарының нәтижесінде астаналық Меруерт Камалиденова күміс жүлдегер атанды. Бірінші орынды атыраулық спортшы Зарина Нұрғалиева иеленсе, қола жүлде шымкенттік шахматшы Елназ Қалиахметке бұйырды.

Айта кетейік, бұл чемпионат ұлттық құрамаға іріктеудің маңызды кезеңі саналады. Сондай-ақ жеңімпаздар Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу