Спортшы бұл туралы өзінің телеграм арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Асаубаеваның айтуынша, қазір оның күн тәртібіне қазақ және ағылшын тілдерін меңгеру енген. Осы мақсатта ол қазақ тілінен жаңа мұғаліммен алғашқы сынақ сабағын өткізуге дайындалып жатыр. Сонымен қатар, ағылшын тілінен де жеке ұстазбен жұмысты бастаған.
– Қазақ тілінен жаңа мұғаліммен сабағым жоспарланған. Ағылшын тілінен де ұстаз таптым. Спортқа әлі толық орала алмадым, бірақ сол бағытта жұмыс істеп жатырмын, – деді шахматшы.
Бұған қоса, Бибісара шығармашылық бағытқа да ден қойған. Ол сапалы видеоконтент жасау үшін кәсіби техника сатып алып, түсірілім процесін жақсартуға кіріскенін хабарлады.
– Жазбаларымды қолдағандарыңызға рақмет! Мінсіз болмағанын түсінемін, бірақ біртіндеп жақсарамыз, – деді ол.
Жаза кеткен жөн, 2025 жылдың маусымында шахматшы қазақ тіліндегі сұраққа жауап бере алмай, қоғамда қызу талқыға түскен еді. Сол кезде шахматшы отбасында орыс тілінде сөйлейтінін және тығыз жаттығу кестесіне байланысты тіл үйренуге уақыт тапшы екенін айтқан.
Соңғы уақытта спортшының жеке өмірі де көпшіліктің назарынан тыс қалар емес. Әсіресе, оның өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаровпен бірге көрінуі әлеуметтік желіде жиі талқыланып жүр.