“Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев көше-жол желісінің апатты учаскелерін тексерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шараны өткізу кезінде 2453 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды, оның 131-і жүк көліктерінің жүргізушілеріне тиесілі.
Сонымен қатар полицейлер жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Ол үшін көше бейнекамералары, смарт-жетондар, автопатрульдердегі камералар сияқты кешенді құралдар пайдаланылады. “Бірыңғай дрондар инфрақұрылымына” ерекше назар аударылған, оның аясында жол қозғалысына әуе бақылауы ұйымдастырылады.
– 2020-2024 жылдар аралығында айналма жолдың – Қарағанды тасжолынан Көкшетау тасжолына дейінгі учаскесінде 89 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның салдарынан 16 адам қаза тауып, 102 адам жарақат алды. Аталған учаске Алматы – Екатеринбург халықаралық транзиттік бағытының бөлігі. Жол-көлік оқиғалары көбіне қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр және жылдамдық режимін бұзу салдарынан болған. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында тұтас жолақтың ұзындығы ұлғайтылды, жылдамдықты төмендету белгілері орнатылды, “Сергек” камералары енгізілді, сондай-ақ жылдамдықты асырғандарды тіркейтін патруль экипаждары жұмысы жолға қойылды, – деді Марат Төлебаев.
Биыл жеті қиылыста бағдаршамдардың жұмыс режимі өзгертілді. Жол-көлік оқиғаларын талдау нәтижесі бойынша режим түзетілгеннен кейін ЖКО саны азайды. Енді қызыл сигнал барлық бағыт үшін 4 секундқа бір мезгілде жанады, бұл маневрді қауіпсіз аяқтауға және қиылысты босатуға мүмкіндік береді. Мысалдардың бірі – Қараменді би Шақаұлы мен Земляничная көшелерінің қиылысы. Бұған дейін бұл жерде 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бағдаршам режимі өзгертілгеннен кейін мұнда жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.
Әрбір жол-көлік оқиғасы жеке талданады, жол параметрлері мен жағдайы зерттеледі, кейін жол инфрақұрылымын түзету бойынша шаралар қабылданады.