2016 жылдың 23 шілдесінен бастап жаңа астық қолхаттары электронды форматта беріле бастады. Сондай-ақ аталмыш құжат астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электронды реестріне тіркеледі. Ақпараттық жүйе minagri.kz веб-порталында орналасқан. Реестр жүйесі іске қосылғаннан бері оған астық нарығының 4,5 мыңнан астам қатысушысы тіркелген. Оның екі мыңға жуығы - шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар. Жүйе берілген астық қолхаттарына күн сайын мониторинг жүргізіп тұрады.
Елімізде астық қолхаттарымен қойма қызметін ұсынатын 196 астық қабылдау кәсіпорны бар. Бұл ретте электронды жүйеге жалпы сыйымдылығы 13,5 млн тонна болатын 151 элеватор тіркелген.
"Заңнамаға сәйкес, әлі күнге дейін қолданылып жүрген қағаз түріндегі астық қолхаттары 2020 жылға дейін, яғни толықтай өтеліп болғанша жарымды. Алайда бұл мерзімді 2018 жылға дейін қысқару қарастырылуда. Арнайы тексеру жүргізіліп астық жетіспеу фактілері тіркелгенін жақсы білесіздер. Электронды астық қолхатын енгізуге осы факторлар әсер етті. Болашақта біз бұл жобаны жетілдіре түсеміз", – деді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Ажар Қажыбекова.
Оның сөзінше, қағаз түріндегі астық қолхатынан жедел түрде бас тарту бұл саладағы олқылықтардың орнын толтырмақ. Мәселен, осы күні елдің ауызында жүрген 7 млн тонна астықтың жетіспеушілігі туралы жағдайлар орын алмас еді.