Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары өз өнімдерін өткізе алмай отыр, деп хабарлайды khabar.kz.
Астыққа деген баға соңғы кездері күрт төмендеп кеткен. Мәселен, бүгінде ІІІ класты бидайдың бір тоннасы небәрі 32 мың теңгеге бағаланып отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Астықты уақтылы өткізе алмаған соң, шаруалар шығынға батуда.
Осы күнге дейін солтүстіктің бидайы Қытай, Түркия, Иран сынды мемлекеттерге экспортталатын. Енді бұл елдердің нарығына Ресейдің бидайы шығып жатыр. Өңірде астық тасымалдайтын вагондар да жетіспейді. Себебі олардың басым бөлігі ресейлік компаниялардың қарамағында.
Жалпы биыл солтүстікқазақстандық шаруалар 5 млн 600 мың тоннадан астам астық жинап, елімізде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген болатын.
"Жинап алған бидайға бүгін баға болмай тұр. Оның бір себебі, Ресей жыл сайын егінді сатып алатын. Олар биыл 15-16 жылда болмаған егінді алды. Біздің егіннің қазір оларға керегі жоқ. Өздерінің егіні жетеді", - дейді "Қазақстан фермерлері одағы" СҚОФ төрағасы Нияз Ыбраев.