Ата-аналар стационардан балаларын шығаруды талап етті

3101

Бес қабатты стационарда көппен бірге жатқан жастарға түнгі уақытта бірнеше ер азамат маза бермей, әлімжеттік көрсетпек болған.

Ата-аналар стационардан балаларын шығаруды талап етті

Мәскеу мен Санкт-Петербургтің іргелі оқу орындарында білім алып жатқан қызылордалық елуге жуық студент жуырда елге оралды. Оларды келісімен карантин талабына сай провизорлық стационарға бақылауға алып, арнайы ғимаратқа орналастырды. Бұлардан бөлек шетел азаматтарын тасымалдаған 32 жүргізуші де осында жатыр.

Кеше карантинде жатқан студенттердің ата-аналары балаларымызға жүргізушілер әлімжеттік жасады, деп мәлімдеді. Бес қабатты стационарда көппен бірге жатқан жастарға түнгі уақытта бірнеше ер азамат маза бермей, әлімжеттік көрсетпек болған. Ата-аналар ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдайтынын, аталмыш ғимарат пен оны бақылайтын мекемеде тәртіп жоқ, деп шағымданды.

"Түнде балаларымыз ұйықтап жатқан бөлмелерге ішімдік ішкен ер азаматтар баса-көктеп кіріп, қыздарымызға шарап ұсынып, көңіл көтеруге шақырған. Әлімжеттік көрсеткеннен балаларымыз әбден үрейленіп қалған. Не масқара, тәртіп қайда? Мына жағдайды естіп таңертеннен бері осында жүрміз. Бұл жерден балаларымызды шығаруды талап етеміз", – дейді ата-ананың бірі Маржан Қазиқызы.

Жағдайдың мәнісін полицияға жеткізіп, арызданғанымен, тәртіп сақшыларына карантиндік нысанға кіруге рұқсат жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған дерек бойынша мән-жайды анықтаймыз, тиісті шара көреміз, деп отыр.

"Қызылорда қаласында орналасқан карантиндік стационарда Ресейден келген 50 студенттен бөлек шетелдіктерді тасымалдаған 32 жүргізуші бақылауда. Екі тарап арасында келіспеушілік туындаған. Олармен түсіндірме жұмыстары, карантин талаптарының заңдылықтары толық жүргізілді", – дейді Қызылорда қалалық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлегенов.

Еліне демалысқа келген студенттерді карантин талабына сай уақытымен шығаратыны белгілі. Ал, стационарды қатаң бақылауға алынатынына мекеме басшысы ата-аналарға уәде берді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу