Полиция Жангелдин ауылында қаза тапқан ерлі-зайыптылардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әкімдік 29 жастағы күдіктінің отбасы қарапайым тұрмыс кешетінін, ешқандай есепте тұрмағанын айтып отыр. Сұлтан Сәрсемалиевтің ата-анасы – зейнеткер. Осыған дейін көршілерден шағым түспеген, жанжал тіркелмеген. Үйде 5 кәмелетке толмаған бала тұрады.
– Екі бала мектепте оқиды, сабақтан қалмай жүр. Тағы екеуі балабақшаға барады. Бірі – жаңа туған сәби. Тұрмыс жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, – деп хабарлады әкімдік.
Сәрсемалиевтің анасы ұлының қазір қайда екенін білмейтінін айтқан. Бұған дейін ұлы әрдайым байланыста болған, алаңдататын белгі байқалмаған.
Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланды. Өйткені, қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша басты күдікті болып тұр.
– Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, өзге тұлғалардың ықтимал қатыстылығын тексеріп жатыр, – деп хабарлады полиция.
Бұған дейін атыраулық ерлі-зайыптыны ауыл халқы ақтық сапарға шығарып салғанын жаздық.