Киноапталық 22 желтоқсан күні басталды. Сол күні әйгілі "Қыз Жібек", кеше "Атаманның ақыры" көрсетілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ал, атыраулықтар бүгін "Сіз кімсіз, Ка мырза?", ертең "Әруақ" фильмдерін тамашалайды.
Аталған галерея жетекшісі Кәмила Жапалованың айтуынша, қайталанбас өнерімен ел ықыласына бөленген актердің шығармашылығына арналған еске алу кеші ұйымдастырылады.
"Еске алу кеші – ұлттық кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухына тағзым. Іс-шара аясында көрнекті актер Асанәлі Әшімов түскен фильмдерден киноқойылым ұсынуды жөн көрдік. Тұрғындар киноға тегін кіреді", – дейді Кәмила Жапалова.
26 желтоқсанда "Ұлы дала таңы" киносы киноапталықтың нүктесін қояды.
Айта кетейік, 21 желтоқсанда қазақ сахнасының абызы, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында өмірден озды. 23 желтоқсанда Алматы жұртшылығы өнер иесімен қоштасты.