Жоба мемлекеттік-жекешелік əріптестік негізінде жүзеге асады, деп хабарлайды Атырау қаласы əкімдігінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы қаланы көгалдандыру жұмысы бойынша "Каспийдормостострой" ЖШС жұмыс жасайтын болады. МЖƏ негізінде мекеме облыс орталығын көгалдандыру, суару жүйелерін жөндеу, сондай-ақ, жалпы ұзындығы 147 шақырым болатын жаңа су құбырларын салу бойынша жұмыстар жүргізеді. Мекемемен бес жылға келісімшарт жасалды.
Бұдан бөлек, мекеме бүгінгі таңда облыс орталығында суару жүйесін қалпына келтіру бойынша жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы, əуежай жолындағы тамшылатып суару жүйесі 80% қалпына келтірілді. Сондай-ақ, қолданыстағы ескі су сорғыларының 8-і қалпына келтіріліп, жоба аясында тағы 7 қосымша сорғы орнатылатын болады.
"Каспийдормострострой" ЖШС-нің әртүрлі ағаштар, жылдық және көпжылдық гүлдер өсетін жеке орындары бар екендігін атап өту керек. Бүгінгі күні мұнда бес жыл болған 7 мыңнан астам ағаштар, үш жыл болған 7 мың ағаш, жəне 2 жыл бұрын отырғызылған 10 мыңнан астам ағаш бар.
"Каспийдоромстрой" ЖШС келесі бес жылға дейін 50 мыңға дейін ағаштарды күтіп, баптайтын болады. Жыл сайын 338 мың гүл және 3,5 мың бұта ағаштарын отырғызады. Сондай-ақ, 2023 жылға дейін отырғызылған ағаштардың саны 25 000-ға жетеді деп жоспарлануда, олардың 2 мыңы жеміс ағаштары болмақ.