Атырау облысында кәсіпкерді өлтіріп, құдыққа көміп кеткендер сотталды

1396

Күдіктілердің бірі тағы бір кісі өліміне қатысты болып шықты.

Атырау облысында кәсіпкерді өлтіріп, құдыққа көміп кеткендер сотталды

Атырау облысында былтыр фермерді өлтіріп, денесін жасырып көміп кеткен күдіктілерге қатысты сот үкімі шығарылды. Оны қасақана атып өлтірген Серік Теңізбаев 15 жылға, қылмысты жасырған Жұматай Масабаев 5 жылға, оның 22 жастағы ұлы 4 жылға бас бостандығынан айырылды", деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кетейік, оқиға былтыр Жылыой ауданында болған. "Боздақ" шаруа қожалығының 47 жастағы қожайыны Нұралы Нұртілеуов 6 қыркүйек күні "LTM" маркалы мотоциклімен жылқыларын іздеп кеткеннен қайтып оралмайды. Оны іздеу ұзаққа созылып кеткен кезде туыстары оны бұрыннан өштесіп жүрген Серік Теңізбаев өлтіріп кеткен болуы мүмкін деп күдіктенетінін және полиция қызметіне көңілдері толмайтындарын айтып, жергілікті әкімдік алдында шу шығарған. Кейін күдіктілердің ұстала бастағаны жөнінде жазған болатынбыз.

Атырау облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты кәсіпкердің өліміне қатысты үш адамға үкім шығарды. Олар, сондай-ақ, жәбірленуші тарапқа 14 млн.теңге өтемақы төлеуі тиіс. Тергеу кезінде басты күдікті Серік Теңізбаевтың бұдан басқа да бұрын жасалған кісі өліміне қатысы бары анықталған. 

"Теңізбаев пен Нұртілеуовтың арасында жылқылардың жоғалып кетуіне байланысты дау шыққан. Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның денесінде көз жұмғанға дейін салынған жарақат іздері болған, соған қарағанда олар алдымен өзара төбелескен болуы керек", - дейді судья Зарема Хамидуллина.

Белгілі болғандай, ел-жұрт болып сабылып іздеген мүрдені сотталушы Хасанғалиев тауып берген. Дененің үстін тастармен, бөшкелермен жауып кетіпті. 

Күдіктілер сот үкімімен келіспей, наразылықтарын білдіріп отыр.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу