Атырау-Орал тас жолындағы тәртіп бақылауға алынды

1503

Түнде апатқа ұшыраған жүргізушілер жолға заңсыз шығып кеткен.                                                                                                          

Атырау-Орал тас жолындағы тәртіп бақылауға алынды

Атырау мен Орал арасына қатынайтын республикалық маңызы бар трасса бойындағы тәртіп күшейтіліп, патрульдік автокөліктер көбейтілді. Жыл басынан бергі екі ай ішінде бұл жолда 7 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 11 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алған, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін бүгін түнде осы жолдағы апаттан төрт адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.  Қазіргі күні бұл оқиғаға байланысты мән-жайлар жарияланды.

Белгілі болғандай, Атырау-Орал тас жолы кеше түнгі 00.00-ден ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылып, трассаларға төрт бекет қойылған. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі баяндағандай, аталған көліктердің жүргізушілері қойылған талапқа бағынбастан, жолға шығып кеткен. Олар Орал қаласынан шығып, жолдағы Чапаев селосындағы бекетті айналып өтеді. Көлік иелерінің заң бұзып қана қоймай, жоғары жылдамдықпен келе жатқанын байқаған патрульдік полиция қызметкерлері оларды келесі бекеттен жібермей ұстап қалу үшін мемлекеттік нөмірлерін рация арқылы барлық нарядтарға хабарлайды. Алайда, олардың біреуі Тайпақ ауылындағы келесі бекетке жетпестен, жол-көлік оқиғасына ұшыраған.

Қазіргі күні оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүруде. ҚР ҚК 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлерінің талабына бағынбаған жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ, жол бойына қосымша екі патрульдік автомашина экипажы тартылған. Сондай-ақ, жолдардың жағдайына жауапты мекемелердің үстінен де 6 хаттама толтырылып, 30 ұйғарым жіберілген. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу