Жақында Атырауда Baizaar сауда орталығындағы ондаған банкоматтардың бірі қарапайым жарыққа көрінбейтін "Пара" деген жазуы бар 2 мың теңгелік купюра шығарып берген. Бұл кассамен есеп-айырысу кезінде сөре қызметкері өз аппаратынан банкноттарға жарық түсірген кезде анықталды, деп жазады "Ақ Жайық" газеті.
"Мен өзіммен бірге 5 мың теңге мен бір мың теңгеден бес мың теңге, барлығы 10 мың теңге болғанын нақты білемін. Банкомат бірден ақша беру лимиті 10 мың екенін көрсетті, содан соң қандай – ірі, ұсақ немесе біркелкі купюрамен алғым келетіні туралы сұрақ шықты. Соңғысын басқан соң, 2 мың теңгеден үш жасыл қағаз бен бір мың теңгеден төрт жаңа ақша түсті. Бұған дейін менің әмиянымда не жатқанын білгендіктен, қателесуім мүмкін емес еді. Екі мыңдық "параны" маған банкомат берді. Оның үстіне, бірден телефоныма қолма-қол ақша түсіргенім туралы хабарлама келді, - дейді қала тұрғыны.
"Қазақстанның Ұлттық банкі" РМК Атырау филиалының қолма-қол ақшамен және кассалық операциялармен жұмыс жөніндегі экономикалық бөлімінің бас маманы Әйгерім Бейсенғалиева мұндай банкноттардың ақша айналымында болуға тиіс еместігін бірден атап өтті.
"Ұлттық банк басқармасының қаулысымен бекітілген №477 Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидалары бар. Ультракүлгін жарық түсірген кезде көрінетін бөгде жазбалары бар банкноттар тозығы жеткен банкноттар деп танылады және айналымнан алынып тастауға тиесілі", – деді ол.
Қала тұрғынына берілген купюраның бұдан бұрын пара алуды құрықтау үшін операция өткізу кезінде құқыққорғау органдарының пайдаланғаны анық. Пара алушыға осындай операция барысында белгіленген купюралардың берілетіні белгілі. Бірақ құқыққорғау органдары қызметкерлері белгіленген купюраларды Ұлттық банкке тапсыруға тиіс.