Атырауда киік аулағандардан 283 миллион теңге айыппұл өндірілген

Өңірде "Киік-2024" табиғатты қорғау акциясы өтіп жатыр.  

Атырауда киік аулағандардан 283 миллион теңге айыппұл өндірілген Фото: Polisia.kz

Жыл басынан бері облыста жануарлар дүниесін қорғауға қатысты 80-нен аса құқықбұзушылық анықталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырау облыстық полиция департаменті табиғат қорғау полиция тобының аға инспекторы Нұрлыбек Қанатов акцияның маңыздылығына тоқталып, биыл киікті заңсыз аулағандардан 335 мүйіз бен тегіс ұңғылы 7 қару тәркіленгенін айтты.

– Бұл акцияны өткізудің бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, киік популяциясын қорғап, санын көбейтуге ықпал ету. Екіншіден, браконьерлерге қарсы күрес күшейтіліп, құқық бұзушыларға қатаң жаза қолданылады. Мәселен, биыл жыл басынан бері облыста жануарлар дүниесін қорғауға қатысты 83 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушылардан 335 дана киік мүйізі, 7 тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы қаруы тәркіленді, – дейді ол. 

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалхаров киіктің көбеюіне кері әсер ететін бірнеше себепті атады. 

– Алдымен бұл жайт браконьерлікке қатысты болып отыр. Екіншіден, табиғи сипаттағы апаттардың ықпалы бар. Үшіншіден, киік мекендейтін жер азайды. Былтыр 7 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданған еді. Соның нәтижесінде өндірілген қаржы 6,5 млрд теңгені құрады. Ал, биыл тіркелген қылмыстың 4-еуі сотқа жолданды. Киікті заңсыз аулаушылардан 283 млн теңгеге жуық қаржы мемлекет пайдасына өндірілді. Өзге қылмыстық істер екеуі тергеліп жатыр, – деп мәлім етті ол.

Бұған дейін Қызылорда облысында 2 мыңнан аса киік мүйізі тәркіленгенін жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу