Атырауда монополист кәсіпкерлік нысандарына газ жүргізуден бас тартқан

1441

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Атырау өндірістік филиалының әрекеті заңсыз деп танылды.

Атырауда монополист кәсіпкерлік нысандарына газ жүргізуден бас тартқан

Атырауда газ желілеріне қосыла алмаған бір топ жеке нысан иелері облыстық кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Тиісті монополист мекеме оларға алдымен мараторий жарияланғанын, одан кейін желілерде жөндеу жұмысы жүріп жатқанын айтқан, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Атырау өндірістік филиалы былтырғы қыркүйек айында 36 кәсіпкерге нысанын газбен жабдықтау желісіне қосу үшін техникалық акт жасаудан бас тартады. Мекеме мұның себебін газ тапшы болғандықтан мораторий жарияланғанымен және жеке тұлғалар мен әлеуметтік нысандарды газға қосу тек бас кеңсенің келісімі арқылы жүзеге асатынымен түсіндірген. Бұған келіспеген "Әмір-Нұр", "Имидж", "Қуанов М." жеке кәсіпкерлік иелері облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, соның негізінде тараптардың арыз-шағымы тыңдалған еді. 

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар тиесілі нысандарын іске қосу үшін несие алған, оларын ай сайын төлеп те отыр екен. Ал "көгілдір отынға" қосылмаған ғимараттары не қажетке жарамастан, не пайда түсірместен босқа тұр. Оның үстіне, орта және шағын бизнесті қолдау күн тәртібінде тұрған кезде монополист мекеменің қандай мораториға сүйеніп отырғаны белгісіз. 

Өз кезегіне "ҚазТрансГазАймақ" АҚ АӨФ бірінші орынбасары Серік Қыдыров газ көлемі аз болғандықтан өткен жылдан бері заңды тұлғаларға техникалық акт бермей отырғандарын, оны тек бас кеңсемен келісе отырып беретіндерін айтып түсіндірді. Оның үстіне, "Финская" автоматтандырылған газ тарату стансасы онсыз да бар күшімен жұмыс істеп тұр, оның көлемін ұлғайту үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

"Қазіргі күні автоматтандырылған газ тарату стансасын жөндеу үшін әкімдікке тапсырыс беріп қойдық, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Бұдан бөлек, "Мақат-Солтүстік Кавказ" магистралдық газ құбыры қайта жөнелуде, ол да қосымша газ көлемін қажет етіп тұр", – дейді Серік Қыдыров.

Әрі қарай жиналғандар пікірі екіге жарылды. Мәселен, "Интергаз Орталық  Азия" АҚ "Атырау" магисталды газ құбырлары басқармасының бас инженері Мұрат Ерімбетов оның сөзін қолдап, қазіргі құрал-жабдықтардың 105 пайызға жұмыс істеп тұрғанын, оның арттырса жүйенің істен шығуы мүмкін екенін алға тартты.

Белгілі болғандай, "Финская" стансасы 1994 жылы салынған екен. Одан бері қала аумағы бірнеше есе өсіп, тұтынушылар саны көбейгендіктен, АГТС қуаты шаһарды толықтай қамти алмауға айналады. Оны қайта жөндеу керектігі жөнінде мәселе бірнеше рет көтерілгенмен, былтыр ғана оң шешімін тауып, жоспарға енгізілген. 

Алайда кәсіпкерлерді қолдау палатасының өкілдері мұндай уәжбен келіспейтінін білдірді. Кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев өкілетті мекемелердің арасындағы түсініспестік бизнестің дамуына кедергі келтірмеуі керек деген пікірде. Оның үстіне,  монополистер кәсіпкерлік нысанының ұсынысынан әлдебір №7 бұйрыққа сүйене отырып, бас тартады. Онда жаңа нысандарға газ тартуға шектеу салынатыны жөнінде жазылған. Бірақ үш күннен кейін мораторидің әлеуметтік нысандарға таратылмайтыны жөніндегі №76 бұйрыққа қол қойылады. Бір қызығы, газ сұрап отырған екі нысанның бірі балабақша да, екіншісі спорт кешені, яғни дәл сол әлеуметтік нысандар. 

Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті тексеруінің нәтижесінде "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Атырау өндірістік филиалының әрекеті заңсыз деп танылып, әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу