Атырауда нәрестені дәретханаға тастаған

841

Дәрігерлер шарананы аман алып қалды.

Атырауда нәрестені дәретханаға тастаған

Атырау облысында дәретханадан жаңа туған сәби табылды. Сондай-ақ бұған дейін сәбиін пышақтап өлтірген әйелге қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, 4 қазан күні Атырау облысы Индер ауданында 31 жастағы әйел дәретханада босанып, сәбиін сол жердегі шұңқырға тастап кеткен. Күні бойы салқындап қалған жаңа туған ұл баланы дәрігерлер құтқарып қалған, анасы аурухаға жатқызылыпты. Атырау облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталғанын хабарлайды.

Бұдан бөлек, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 4 айлық ұлын 38 жерден пышақтап өлтірген әйелге қатысты сот отырысын бастады. Бұл қылмыс жөнінде бұған дейін жазылған болатын.

Әйел психиатриялық ауруханаға жатқызылған, оның орнына қайғылы жағдай болатын күні үйде болмаған күйеуі қатысуда. Жолдасының айтуынша, әйелі жүйке ауруына ұшыраған және сәбиін де қасақана өлтірмеген. Көзіне әлдебір бейнелер көрініп, үйден жиі кетіп қалып жүрген әйелге "созылмалы параноидты шизофрения" диагнозы қойылып отыр. Оның қылмыс жасаған кезде өз әрекетіне есеп бермегені сот материалдарымен дәлелденген. Сондай-ақ қайын жұртының әйелді бірнеше рет бақсы-балгерлерге апарып, емдетпек болғаны анықталды.

Күдіктіге ҚР ҚК дәрменсіз күйдегі адамды өлтіру бабы бойынша айып тағылған. Әзірге сот үкімі шыққан жоқ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу