Атырауда жалақы алуда теңсіздік көп

746

Шетелдік компанияның бірінде қазақстандық супервайзер 750 мың теңге, шетелдік азамат 3,4 млн теңге жалақы алған.

Атырауда жалақы алуда теңсіздік көп

Атырау облысында елуге тарта кәсіпорынды тексерген еңбек инспекциясы жалақы төлеудегі 109 теңсіздікті анықтаған. Бұлардың барлығында жергілікті жұмысшылармен бір позицияда бірдей жұмыс жасайтын шетелдіктерге жалақы артығымен төленіп отырыпты. Мәселен, "Саренс Қазақстан" компаниясында қазақстандық супервайзер 750 мың теңге, шетелдік азамат 3,4 млн теңге жалақы алған. Мұндай жағдай "Уорли Парсонс Қазақстанда" да қайталанады. 

Қазіргі уақытта осындай дискринимацияға жол беретін он компанияны инспекция тұрақты назарда ұстап отыр екен. Бұдан бөлек, 167 шетелдіктің берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны, 114-інің білімі атқарып отырған қызметіне сай келмейтіні әшкере болған. Бұл тек жыл басынан бергі мәлімет екенін және тексерудің жүріп жатқанын ескерсек, мұндай деректердің әлі де жарыққа шыға түсері күмәнсіз. 

"Биыл жалақы, еңбек шарттары, заңсыз жұмыстан босату және басқа да мәселелер бойынша бір мыңнан астам өтініш келіп түсті, 403 адамның конституциялық құқығы қорғалды, 46 азаматтың 4,7 млн теңге жалақысы қайтарылды", – дейді Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров. 

Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы жұмыс берушілерге 24 ұйғарым берілген, 264 әкімшілік іс қозғалып, 96,5 млн теңге айыппұл салынған. 262 шетелдіктің рұқсатын кері қайтарып, мерзімін ұзартпау жөнінде хаттар жолданған. 212 адам елден шығарылған. 

Сонымен бір мезгілде еліміздегі ресми статистика 2020 жыл бойынша ең көп айлық жалақы атыраулықтарға тиесілі екенін көрсетіп отыр, ол 345,2 мың теңге құрайды. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 1,7 есеге жоғары екен. Шыны керек, жергілікті халық көзімен көріп, қолына ұстамаған мұндай соманың қайдан алынатынына таң қалумен келеді. 

Атырау Мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі Майра Дәрісқалиева мұның себебін қазіргі есептеу әдісімен түсіндіреді. Яғни бізде қолданылып отырған, кеңестік кезеңнен қалған – арифметикалық шаманы есептеу әдісі. Ал батыс елдерінде медианалық әдісті қолданады. Салыстыру үшін айтсақ, арифметикалық есептеуде бір ұжымдағы бес адам елу мың теңге мен 500 мың теңгенің аралығында табатын болса, екеуін қосып жіберіп, орташа деңгейді 200 мың теңге деп белгілейді. Медианалық есептеуде орташа жалақы деп барлық жалақылар көлемі көрсетілген тізімнің дәл ортасы алынады. Мұндағы сома арифметикалық есептеуден әлдеқайда төмен болады.

"Біздегі жалақылар арасындағы айырмашылық өте үлкен. Кеңестік экономика кезінде, айталық, ең жоғарғы және ең төменгі жалақы айырмасы он пайыз деп белгіленіп, одан асып кеткен жағдайда теңестіру шаралары қолданылатын. Алайда қазіргі нарықтық кезеңдегі қоғамдық формация тұсында олай жасау мүмкін емес, сондықтан біз үшін тиімдісі – жалақыны медианалық әдіспен есептеу", – дейді Майра Дәрісқалиева.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу