Атырауда жалдау ақысы көңілден шықпаған кәсіпкерлер шу шығарды

307

Атыраудағы "Аламан" базарының павильонында табыс тауып отырған кәсіпкерлерден маза қашты.

Атырауда жалдау ақысы көңілден шықпаған кәсіпкерлер шу шығарды Фото: Inbusiness.kz

Олар жалдау құнын 250 пайызға бірақ шарықтатқан ғимарат иесінің қылығын түсінбей дал. Сауда жүрмей, табыс азайғанда миллиондарды өтей алмайтындарын айтады. "Бұл рейделік басып алу" деп шуласты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Арман Батырқайыровтың павильонды жалға алғанына 2 жылға жуықтаған. Қаңырап қаңқасы ғана тұрған нысанға өз қалтасынан 39 млн теңге қаржы құйып, жұмысты жандандырыпты. Бұған дейін ғимарат иесіне ай сайын 1 млн 750 мың теңге төлеп келген. Жаңа жылдан бастап ақы бірнеше есе өседі деген құжат қолына тигенде, аң таң болыпты.

"4 млн 278 млн теңгеге көтеріп тұр. Біз ондай ақшаны көтере алмаймыз. Екінші қойып тұрған талабы мынаның ішіндегі бутиктерді бұзып тастап, ТЖО қыл дейді. Ол талапты да орындай алмаймыз. Бұл былай айтқанда рейдерлік басып алу деп аталады. Талап қойылады, еш орындауға келмейтін. Соңынан біз не істейміз, заттарымызды жинап, басымыз салбырап шыға беру керек. Бұл кісі біздің бизнесті түгелдей тартып алып отыр", - дейді кәсіпкер Арман Батырқайыров.

Арманның өзінен бұл ғимарат ішін шаршы метрлеп 11 бизнес иесі қосалқы жалға алады. Бастаған бизнесінің қарызынан да құтылып үлгермеген олар, "қиын жағдайда қаламыз", деп жандарын шүберекке түйіп отыр.

"Жалдау құнының көтерілетінін бізге де ескертті. Ондай ақшаны төлей алмаймыз. Тапқан табыстың бәрін біреуге берсек, отбасын асырауға көк тиын қалмайды. Жауаптылар назарға алса дейміз. Мұндай бассыздыққа жол берілмеуі керек", - дейді кәсіпкер Ермек Хабидулла.

Жиылғандар бұл дауға бұған дейін салық полициясы органында қызмет етіп, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымында болған Самат Ғылымовтың қатысы бар дейді. Базар бизнесі осы кісінің балаларына тиесілі екен. Оны осы нысанның иесі делінген Ақылбек Қуаныштың өзі растады. Азамат осы уақытқа дейін павильонды жалдаушылардың тарапынан да кемшіліктер болғанын айтады. Мәселенің міндетті түрде заңды түрде шешілетінін жеткізді.

"Кәспікерлермен келісімшартқа отырған өзім. Екі ай тегін уақыт беріп, содан кейін жеңілдік бердік үлкен. Баға өседі деп алдын ала ескерттік, хатпен де шықтық. Бірақ мен 250 пайыз деген қайдан шыққанын түсінбеймін. Әрине біздер барлығын заңды түрде шешеміз. Әр кәсіпкермен келісіп, дұрыс нәтиже шығарғымыз келеді", - дейді Аламан базарының иесі Ақылбек Қуаныш.

Табыссыз қалмаудың амалымен, талабын тізгендердің тілегін әкімдіктегілер де келіп тыңдады. Ешқандай уәде бере алмайтындарын ашық айтып, әдеттегідей қарастырамыз деп құтылды.

"Қолдан келгенше қалалық әкімдік тарапынан қолдау мүмкіндігін іздестіріп, қарастыратын боламыз. Қазіргі уақытта екі кәсіпкердің арасындағы мәселе болғандықтан, нақты шешіледі деп уәде бере алмаймын", - деді Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәлік Кариев.

Қос тарап мәмілеге келе алмаса іс сотқа жетуі мүмкін. Бағаның қымбаттауына қарсымыз деген кәсіпкерлер осындай қадамға баруға бекініп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу