Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған жаға ұстатарлық қылмысқа қатысты тың дерек белгілі болды. Тергеу барысында Қарабалиндер отбасының өлтірілуі бір мезетте жасалмағаны анықталды.
Алғашқы және кейінгі эпизодтардың арасында бірнеше ай өткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" газетіне сілтеме жасап.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, күдікті 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында, ал қалған үш адамды қараша айында өлтірген.
Тергеу бұл қылмысты күдікті күйеубаласы жалғыз өзі, үшінші тұлғалардың қатысуынсыз жасады деп отыр. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы Сәрсемалиевтің есі дұрыс әрі өз әрекеттері үшін жауап бере алатынын көрсеткен.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінен ас үй пышағымен жасалған көптеген жарақат анықталған.
"Әрқайсысында алты және одан да көп жарақат бар. Олар кеуде, мойын және өмірлік маңызды мүшелер тұсында орналасқан", – деді ол.
Күдіктінің әйелі әрі марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты түпкілікті қорытынды шыққан жоқ. Атырау мамандары оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматы қаласында қайтадан сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Қаза тапқандардың туыстары ашық сот процесін талап етті. Қылмыстық іс мамыр айында сотқа жіберілуі мүмкін. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кету керек, бұған дейін Атыраудағы отбасы өліміне күдіктінің қылмысқа не үшін барғаны анықталғанын жазғанбыз.