Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов фейсбуктағы парақшасына осылай деп жазды. Осыдан бірнеше күн бұрын америкалық US News журналы жемқорлық аз жасалатын елдердің рейтингін жариялады. Онда Қазақстан 87 мемлекеттің арасында Мысыр, Украина, Әзірбайжан мен Өзбекстаннан да артта 75-ші орында тұр. Алайда, біздің антикордағылар басылым ұсынған бұл тізіммен келіспейді. Өйткені, Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде бұл елдер біздің елден артта тұр. Сондықтан бұл көрсеткіш шындыққа жанспайды дейді.
"87 мемлекетті бағалауға небәрі 36 елдің тұрғындары қатысқан. Яғни, респонденттердің арасында 51 елдің азаматы жоқ. Бұл сауалнамаға қатысқандар Қазақстанға мүлдем келмеген болуы мүмкін дегенді білдіреді. Ал баға тек үшінші тұлғалардың сөздерінен немесе ашық дереккөздерден, оның ішінде "Борат" фильмінен алынған ақпарат арқылы берілген. Рейтинг елдердің сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау үшін емес, елге туристік мақсатта бару немесе мұнда тұру мүмкіндігін бағалау үшін жасалған. Қазіргі кезде бірде-бір рейтинг елдегі сыбайлас жемқорлықтың нақты деңгейін бағаламайды", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов
Ал елде бір жылда жемқорлардың мемлекетке келтірген залалы айтарлықтай өсті. Өткен жылы ашкөздікпен ақша ұрлап, сыбайластарымен елді тонайтындар 2,3 млрд теңге материалдық шығын келтірсе, биыл 60,8 млрдтан бір-ақ шыққан. Құқықтық статистика деректері бойынша, оның 44 млрдтайы ауыр қылмыс жасағандарға тиесілі. Қолында билігі барлар лауазымды өкілеттілігін асыра пайдаланып, 42 млрд теңге шығын келтірген. Пара бергендер 16 млрдқа шығындапты.