Алматы әуежайында ішкі және халықаралық әуе рейстері кешігіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әуежайдың онлайн таблосына сәйкес, түнгі рейстердің көпшілігі кейінге қалдырылған.
Қазіргі уақытта кешігіп жатқан рейстер қатарында: Алматы – Дубай, Алматы – Қарағанды, Алматы – Өскемен, Алматы – Астана, Алматы – Үрімші, Алматы – Фукок бағыттары бар.
10 желтоқсан таңғы 07:00-дегі мәлімет бойынша Алматыда қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетіп, айлық норманың жартысына жуықтады.
Қалалық әкімдіктің мәліметіше, шаһарда қар тазалау жұмыстары түнгі уақыттан бері жалғасып жатыр. Қаланы қардан тазалауға 2728 жұмысшы мен 75 жедел бригада тартылды. Қала көшелеріне 923 арнайы техника шықты, соның ішінде 228 құрама жол машинасы көктайғақты болдырмау мақсатында арнайы қоспа себуге кірісті. Техникалардың жүрісін қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ 10 эвакуатор мен манипулятор жұмылдырылды.
Қалың түскен қардың салдарынан жол қозғалысын бағалау жүйесінде Алматы көшелеріндегі жүктеме 10 балға дейін көтерілді.
Көлік санының артуы мен тайғақ жолдардан ұзақ кептелістердің пайда болды. Автокөлік жүргізушілері 2ГИС сервисінде жолдарда көп тұрып қалғанын жазып, қала ішіндегі қозғалыстың айтарлықтай баяулағанын хабарлады.
Ал, кейбір аялдамаларда автобустар қарға тығылып, қозғалыс қиындай түскен. Жолаушылар автобусты итеріп, жүргізушіге өздері көмектескенін әлеуметтік желілерде жариялады.

Кешелі бері қала бойынша 60-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 адам зардап шеккен.