Аудан әкімдерінің сайлауы қашан өтеді?

2174

Биыл 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. 

Аудан әкімдерінің сайлауы қашан өтеді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің сайлауын 2024 жылы өткізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен президент биыл елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтетінін айтты.

"Қазір біз кенттер, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындалып жатырмыз. Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан аралығында өтеді. Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни 800-ге жуық елдімекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ", – деді  Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Осы орайда ол "Сайлау туралы" заңнамаға өзгеріс пен толықтыру енгізу мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді.

"Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Кейін кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қатысты барлық нормативтік құқықтық негіз толығымен қалыптасады. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмаймыз", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің сайлауына тоқталып:

"Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға мен жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін",  – деді.

Айта кетейік осыған дейін Президент жер шетелдіктерге сатылмайтынын, жалға берілмейтінін мәлімдеген еді.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу