Осыған орай, оқиға қаһарманы Мұса Әбдірайым пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Есте болса, Мұса Әбдірайым кепілге алынған қызды өзімен ауыстыруды ұсынып, қаскүнемнің қолынан пышақты тартып алған болатын. Осылайша, ол полиция жұмысын жеңілдетіп берді.
– Әркім әртүрлі сынайды. Бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірақ, бірі шексіз алғысын айтуда, кейбірі артқа тартып, дұрыс емес сөздер бағыттап жатыр. Ештеңе өтірік болған жоқ, менің де басым екеу емес, – деді ол әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада.
Видеода ер адам көптің қолдауын сезініп жатқанын әңгімелеп береді.
– Әрине, президенттің өзі қолдап, марапаттап жатқанына алғысым шексіз. Менің мақтанышым – сол қыздың аман қалғаны. Өзімді "халық қаһарманымын" деп есептемеймін, ондай мақтаныш сезімі жоқ, – деп қоса кетті ол.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыскердің суық қаруын тартып алған ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, оны мемлекеттік наградаға тапсыруды ұсынған еді.
Бір күнде батырлығымен елге танымал болған Мұса Әбдірайым оқиға барысын былайша баяндап берді.
– Ол адам (күдіктіні айтады – ред.) маған "ер-азамат болсаң кел" деді, менде бір ғана ой болды, ол – қызды құтқару. Басқа ешқандай қауіп-қатерді, соңы не болады дегенді ойлаған жоқпын. Кепілге алынған қызды босатқан соң, денем түршігіп, өзімді жақсы сезіндім. Әңгімеге айналдырып тұрып, қолындағы пышақты бос ұстағанын байқадым, сосын тартып алдым. Негізі басында ұрсам қалай болады деп ойлаған едім, – дейді оқиға қаһарманы.
Осыған дейін Мұса Әбдірайымның Бүкіләлемдік бокс кеңесінің елшісі болып тағайындалғанын да жазған едік.