Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауылдық жерлерге қажет мамандық иелері туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің арасында меритократия деп біртіндеп, сатылап өсуді айтады. Бұл дұрыс емес ұғым. Меритократия – адамның өз құзыретіне және қабілетіне қарай тиісті лауазымда қызмет атқаруы, сәйкесінше өзінің біліміне қарай бағалануы. Агенттікте бірқатар құрал бар. Оның біреуі ауысу тәртібімен келесі жоғары тұрған лауазымға тағайындау, осы арқылы 2092 мемлекеттік қызметші тағайындалды. Тағы бір қағида – бағалау. Бағалау нәтижесі бойынша 130 адам лауазымынан жоғарылады. Үшіншісі – ішкі конкурс арқылы келесі лауазымға көтерілу. Бұл бойынша бізде 3148 мемлекеттік қызметші конкурсқа қатысып, жоғары лауазымға тағайындалды.
Спикер ауыл-аймаққа қандай мамандық иелері қажет деген сұраққа да жауап берді.
"Саралау нәтижелері көрсеткендей, бұл ветеринария, агрономия, архитектура да бар, ауылдық және аудандық деңгейде цифрлық құзыреттер де керек екен. Одан басқа есеп және аудит мамандары да қажет. Бұл – Топ-5 мамандық", - деді агенттік өкілі.