Ауыл халқы Балқаш көлінен су тасып ішіп отыр

414

Жамбыл облысында 3 мың тұрғыны бар ауыл Балқаш көліне шомылып, кір жуып, қажет болса суын ішеді.

Ауыл халқы Балқаш көлінен су тасып ішіп отыр Фото: Inbusiness.kz

Өйткені кезінде 500 млн теңгеге орнатылған су стансасының тазарту жүйесі істен шыққан, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Салдарынан әкімдік енді 100 шақырым шалғайдан су тасып әлек. Ал тұрғындар тұщы суды тәуліктеп тосуға мәжбүр. Қызығы, бұқара "Балқаштан су ішетініміз  әкімдік есебінде жарамды делінген" дейді.

Шығанақ ауылына тұщы су қазір 100 шақырым шалғайдағы Шудан келеді. Қос цистерна тіршілік нәріне көпшілік күнде талас. Кейде тіпті таусылып тынады. Ал суы бітсе, бұқара Балқашқа беттейді. 

"Балықтың дәмі шығады, кейбір кезде. Адам да шомылады. Арғы жағына барып аламыз. Жел болған күні оны тұндыру да қиын. Лай боп кетеді. Лай болса да аламыз енді, тұндырып ішеміз ғой!", - дейді Шығанақ ауылының тұрғыны Сажида Маратқызы.

Мұнда ел қазір бау-бақша егуді мүлдем доғарған. Өйткені тал екпек түгілі, тіршілік нәрін таппай дал. Негізі шалғай ауылға 15 жыл бұрын су стансасы салынған екен. Сол тұста бюджеттен бұған 500 млн теңге бөлінген-ді. Бірақ су жүйесінің тазарту құрылғысы көптен бері істемей, құрыпты. Сондықтан көл суы тазаланбай, тікелей тұрғындарға беріліп жатыр.

"Қазір ішіп жатқан суымыз таза су емес. Балқаштың суы. Фильтр қосылған, ол да істемей қалды. Құр соны ішіп жатырмыз енді, оны елдің бәрі біледі. Шелекке құйсаңыз, батпақ шығады", - дейді Шығанақ ауылының тұрғыны Рахымбай Түсіпов.

Тұрғындар осылайша техникалық суды тұтынуға мәжбүр. Оның өзін тәулігіне әкімдік 3 рет қана береді. Бірақ жарық сөнсе, әлгі жарамсыз суы да тоқтайды.

"Биыл жазда сусыз отырдық. 1 айға жуық. Күн ысып тұрды. Жарық та жиі өше берді. Бар азық-түлігіміз бүлінді. Ал бізде азық-түлік тауарлары өте қымбат. Наныңыздың өзі 200-250 теңге", - дейді Шығанақ ауылының тұрғыны Раушан Архимова.

Көпшілік қазір ащы судың өзіне жете алмай қалатын түрі бар. Өйткені алып су айдыны жылма-жыл тартылып жатыр. "Кезінде млн-даған сомаға су жүргізген мердігер мен әкімдік бұл істі қалайша ескермеген"  деп күйінеді.

Ауыл іргесіндегі Балқаш биыл 12 метрге кері қайтқан. Салдарынан су құбырлары жағада құр құрғап тұр. Бұқараның базынасына бас ауыртқан билік бұған 15 жыл бұрын су жүргізген мердігер кінәлі дейді. Өйткені шала ісі шығынға батырып, шағым көбейтіпті.

Ал мәселеге 1 жыл бас ауыртқан әкімдік су құбырын көл ортасына дейін 21 метрге жіберіпті. Енді көл тартылса да, су тапшы болмайды дейді. Қазір құбыры 2 метр тереңдікке тасталды. Ал стансаның тазарту құрылғысын қою үшін қазынадан тағы 312 млн теңге бөлініпті.

"Қазір мембрананы қойды. Жасап жатыр. Бірақ әлі іске қосылған жоқ. Ол 1 апта немесе 10 күннің ішінде іске қосылады. Көлдің суын беріп жатырмыз қазір", - дейді Шығанақ ауылының әкімі Таңатар Сабитов.

Бірақ ауыл әкімі мен аудан басшылығының сөзі қабыспады. Аудандық әкімдік "қалпына келтіру ісі биыл бітпейді" деп ашық айтты. Мемлекеттік сатып алу кеш жүрген соң, үлгермейміз деп отыр.  

"Тәтті су Шығанаққа менің есебіммен, қазір мердігерлер жасап жатыр ғой, жұмысты бастап. Бірақ ол жердің ауа райының қолайсыздығына байланысты ақпанда жұмыс тоқтайды. 100 пайыз есептеп отырмыз, көктемде ауызсу құдай қаласа толық беріледі деп. Оған дейін берілмейді", - деді Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Сабит Төлегенов.

20 жылдан бері сусаған жұртқа келер жылы 24 сағат бойы тіршілік нәрі беріледі деді әкімдік. Демек биылғы қыста бұқара су тасып, көл суымен баяғыша амалдай тұрмақ. Айта кетейік, бүгінде Мойынқұм ауданында бақандай 5 ауыл Балқаш көлінің суын тұтынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу