Сенат депутаттары "елдегі білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс енгізетін уақыт келді, аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 50 пайызға дейін көтеру керек" деген ұсыныс айтқан еді. Бұл ұсыныс бойынша гранттар санына өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр ма? Бұл сұраққа орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жауап берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Аграрлық сала бойынша 18 мың студент білім алады. Олардың 13 мыңы оқу гранттарына ие. Айта кетсек, гранттың 30 пайызы ауыл квотасына бөлінеді, 10 пайызы "Серпін" бағдарламасына беріледі. Қолданыстағы заңға сәйкес, барлық азамат грант алуға тең құқылы. Сондықтан квотаны көбейтсек, басқа саладағылардың мүмкіндігін азайтып аламыз. Сонымен қоса жыл сайын ауыл шаруашылығы бойынша гранттар толық игерілмей қалатыны белгілі. Сондықтан гранттарды көбейту қаншалықты маңызды екенін алдымен зерттеу керек. Менің ойымша, қазір жастарға кәсіптік бағдар беруге және оларды ауыл шаруашылығы салаларына бағыттауға баса назар аударған абзал секілді", – деді вице-министр.
Тасқын Болатұлы